Димаш Шайдоровқа уәде еткен көлігін сыйлады (ВИДЕО)
Әнші жеңіспен оралған Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты ерекше сыймен қарсы алды
Қазақстандық жарық жұлдыз Димаш Құдайберген берген уәдесінде тұрып, Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Михаил Шайдоровқа су жаңа Hyunday Palisade автокөлігінің кілтін табыс етті. Бұл туралы әншінің жеке Instagram парақшасында жарияланған видеодан мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Миша бауырымызды шын жүректен құттықтағым келеді. Қазақ елінің намысын, абыройын күллі әлем алдында өте биік деңгейде әуелетіп бәрімізді марқайтып келді. Сол себептен Мишабайға барлық қазақ елінің атынан тағы да мың мәрте рахмет», - деді Димаш Құдайберген арнайы ұйымдастырылған салтанатты жиында.
Мишаның жеңісі ерекше мақтаныш сыйлағанын жасырмаған әнші «аз да болса көптей көр» деген ниетпен барша қазақ жұртшылығының атынан, өз атынан және отбасының атынан өзінің қолтаңбасы қойылып, тарихи жеңісі ұлықталған жазбасы бар су жаңа Hyunday Palisade автокөлігінің кілтін табыс етті
Ағасының ерекше сыйлығына қуанышын жасырмаған спортшы: «Димашқа осындай сыйлығы үшін үлкен рахмет айтқым келеді. Енді Димаштың қолтаңбасы менің көлігімнің капотында», - деп жиылған жұртты күлкіге қарық қылды.
Димаш автографы жай ғана жапсырма, алып тастауға болатынын айтып еді, жас спортшы әншінің қолтаңбасын естелікке сақтап қоятынын айтты.
«Құдды әуе кемесі іспетті көлігім бар енді. Осы жиынға қатысып, өткізуге атсалысқан баршаңызға ризамын», - деп жиылған жұртқа және ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.