Айыппұл көбейетін болды: бүгіннен бастап Қазақстандағы тағы 4 ақылы жол ерекше бақылауда
Бұл тасжолдарға бүгіннен бастап орташа жылдамдық режимі енеді
Қазақстандағы тағы төрт ақылы тасжолда бүгіннен бастап орташа жылдамдық режимі енетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша Қазақстанда орташа жылдамдық режимі енгізілген тасжолдар саны 15-ке жетті.
«Бүгіннен бастап орташа жылдамдық мына бағыттарда бақыланады: Орал – РФ шекарасы (Самара); Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор); Қостанай – Денисовка; Қандыағаш – Мақат. Аталған жолдарда бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Жүйе орташа жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, тиісті мәліметтерді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің (ӘІЖБТ) процессинг орталығына жолдайды», – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.
Биыл жыл басынан бері ақылы тасжолдарда 550 мыңнан астам көлік орташа жылдамдықты асырғаны, ал белгіленген орындарда 163,5 мың көлік белгіленген жылдамдықты асырғаны анықталды.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы ақылы тасжолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылдың 17 наурызынан бері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жолда бақылау жүргізіліп келді. Олар:
- Астана – Щучинск;
- Астана – Павлодар;
- Астана – Теміртау;
- Шымкент – Қызылорда;
- Шымкент – Тараз;
- Павлодар – Семей – Қалбатау;
- Орал – РФ шекарасы (Саратов);
- Павлодар – РФ шекарасы (Омбы);
- Алматы – Қорғас;
- Көкшетау – Петропавл;
- Ақтөбе – Қандыағаш.
«Жол бойындағы камералар автокөліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Жүйе осы уақыт пен екі арканың арақашықтығын есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды. Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету жүргізушіні жауапкершіліктен құтқармайды. Егер көлік бақылаудағы жол бөлігін рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асырып өтсе, құқықбұзушылық тіркеледі. Бұл жол апатының азаюына септігін тигізеді», – деп жазады «ҚазАвтоЖол».