$ 522.19  606.42  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Треш-контент»: Galamat құрылыс компаниясы зорлық-зомбылық пен алып қашуды насихаттаған (ВИДЕО)

Олардың ерсі видеоларын қолданушылар сынады

«Треш-контент»: Galamat құрылыс компаниясы зорлық-зомбылық пен алып қашуды насихаттаған (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Астана қаласында орналасқан Galamat құрылыс компаниясының Instagram парақшасында жарияланған жарнамалық видеолар әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Пайдаланушылар бұл роликтерді «треш-контент» деп атап, компанияны қоғамдық құндылықтарды таптау, әйелдерге қарсы зорлықты қалыпты жағдай деп қабылдау және қате маркетинг тәсілдерін қолдану деп айыптады.

Желі қолданушыларының күрделі реакциясына себеп болған видеолар компанияның Instagram парақшасында жарияланған. Бірінші видеода жасы үлкен әйел адам жас менеджерлерге қол көтеруге ұмтылады, алдымен қыз менеджерге, кейін «жеңілдік бермеді» деп ер қызметкерге. Екінші видеода екі ер адам жас қызды екі жағынан көтеріп, көлік багажына күштеп тыққандай көрсетеді. Багаж ішінде отырған қыз жарнамалық мәтінді айтуы тиіс.

Бұл көріністер желі қолданушыларының арасында ашу-ыза тудырып, компанияның жарнама этикасын сынға алуға себеп болды.

Қолданушылардың көптеп шағымдануынан кейін компания бірінші видеоны парақшадан өшірді. Алайда бұл әрекет аудиторияның ашуын одан әрі күшейткен.

«Сіздер постты өшіріп, мәселені шештік деп ойладыңыздар ма? Сіздер компанияның құндылығын көрсетіп қойдыңыздар», - деп жазды бір қолданушы.

Көпшілік мұндай жарнамалық тәсілдің мүлдем орынсыз екенін айтып, компанияны жауапкершілікке шақырды. Талқылауларда жазылған пікірлердің көпшілігі жарнаманың әйелдерді қорлау, зорлықты әзілге айналдыру, қауіпті прецедент жасау секілді мәселелерге назар аударды.

«Бұл құрылыс компаниясының контенті ерсі. Қыздарға неге сонша өшпенділікпен қарайсыздар?», - деп жазды оқырмандардың бірі.

Пайдаланушылардың пікірінше, мұндай роликтер қоғамда қалыптасқан қауіпті стереотиптерді күшейтіп, зорлықты қалыпты құбылыс ретінде көрсетеді. Даудың ушығуына қарамастан, Galamat компаниясы әлі күнге дейін бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме таратпады.

Серіктес жаңалықтары