Ата-аналар алаңдаулы: балалардың беті мен денесіне біртүрлі жара шығып жатыр
Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде бетіне, аяқ-қолына жара шығып, бөртіп кеткен балалардың суреттері тарады. Ата-аналар ел арасында жаман вирус жүріп жатыр деп шағымданған. Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінен ресми түсініктеме сұратты.
«Қазір қалада жаман вирус тарап жатыр. Үйде бәріміз ауырып шықтық, ал ұлымның бетіне біртүрлі жара шықты. Бүгін дәрігерге барсақ, вирустық дерматит дейді. Мұндай жағдай бізде алғаш рет болып отыр», - деп жазды қолданушылардың бірі әлеуметтік желіде.
Осы постың астына дәл осындай жағдайға тап болған басқа да ата-аналар пікір жазып, беті мен қол-аяғына бөртпе шыққан балаларының суретін бөлісіп жатыр.
Алайда Денсаулық сақтау министрлігі алаңдауға негіз жоқ деп тыныштандырды.
«Министрлік тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша эпидемиологиялық жағдайды апта сайын бақылап отырады. Қазақстан аумағында тұмау мен ЖРВИ-дің эпидемиологиялық ахуалы күзгі-қысқы кезеңге тән эпидемиологиялық үдеріс аясында өрбіп келеді. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 1 278 745 ЖРВИ жағдайы тіркелген, бұл 2024-2025 жылғы эпидемиологиялық маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19%-ға төмен. Оның ішінде 14 жасқа толмаған 848 761 бала ЖРВИ жұқтырған. 30 қазаннан 5 қарашаға дейінгі соңғы аптада республика бойынша 150 605 ЖРВИ жағдайы тіркелді», - деп ақпарат берді министрліктің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Сонымен қатар, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері зертханалық жолмен расталған 304 тұмау А типі (H3N2) жағдайы анықталған. Оның ішінде 173 жағдай (57%) – 14 жасқа толмағані балалар арасында. Тұмау вирусының А типі H3N2 штамы (Гонконг тұмауы) алғаш рет 1968 жылы Гонконгта анықталған. Ол А тұмау вирусының маусымдық түрі болып саналады, жаңа штамм емес. H3N2 тудыратын ауру жыл сайын дерлік тіркеліп отырады және тұмауға тән белгілермен өтеді, деп атап өтті комитет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, ағымдағы эпидемиологиялық маусымда үш тұмау вирусының штамы өзекті болады: A (H1N1), A (H3N2) және B. Бұл штамдар осы маусымның тұмауға қарсы вакцинасының құрамына енген, бұл аурудың ауыр өтуінен қорғайды.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау үшін Бірыңғай дистрибьютор 2,1 миллион доза «Гриппол плюс» вакцинасын сатып алған. Бұл халықтың 11%-ын екпемен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы республика бойынша 1 919 417 адамға, яғни халықтың 9,4%-ына тұмауға қарсы екпе егілді. Вакцинация әлі жалғасып жатыр, дейді комитеттегілер.
Министрлік ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қазақстандықтарға бірнеше кеңес берді:
- тұмауға қарсы екпені уақытылы алу;
- халық көп жиналатын жерлерде бетперде тағу және жеке гигиена ережелерін сақтау (қолды жиі жуу);
- үй-жайларды үнемі желдетіп, тазалап отыру;
- вирус өршіген кезеңде көпшілік жиналатын орындарға бармау;
- ауру белгілері байқалған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрынның бітелуі) дер кезінде дәрігерге қаралу.