«Бізге нақты шешім қажет»: балалар әлеуметтік желіге қай жастан бастап тіркелгені дұрыс
Денсаулық сақтау министрлігі де өз позициясын білдіруі керек деп санайды мәжілісмен
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов балалар әлеуметтік желіге қай жастан бастап тіркелуі керек деген мәселені қоғаммен бірге талқылауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, қазір 3-4 жастағы балалардың қолында да смартфон, таң атқаннан кеш батқанға дейін телефонға телміреді. Алайда әлеуметтік желілердегі контентте балалардың жас ерекшелігіне сәйкес ешқандай фильтр жоқ.
«Ешқандай шектеусіз, таң атқаннан кешке дейін телефонға, әлеуметтік желілерге телміріп отыру балалардың денсаулығына үлкен қауіп. Мұны растайтын зерттеулер де бар. Соған байланысты біз осы мәселені ең алдымен зерттеп алуымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің нақты позициясы болуы керек. Психолог мамандардың ұстанымы да керек. Оқу-ағарту министрлігі мен жасанды интеллект министрлігі де нақты позициясын білдіруі қажет. Соған байланысты біз нақты шешім қабылдауымыз керек. Ата-аналармен, қоғаммен бірге осы мәселені кеңінен талқылауымыз керек», - дейді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.