Қазақстанда дәрігерге қол көтергендер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін
Ақхалаттыларға шабуыл жасағандарға жазаны қатаңдататын заң жобасы Мәжіліске келіп түсті
Қазақстанда дәрігерлерге күш көрсетіп, соққыға жығатындарды үш жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр. Тиісті норма көзделген заң жобасы Мәжілістің қарауына түскен. Бұл туралы депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттар Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодексктерге өзгерістер енгізуді ұсынған.
«Қазір, өкінішке қарай, дәрігерлерді, тіпті біреудің үйіне келген жедел жәрдем жүргізушісін де, фельдшерлерді де ұрып-соғу фактілері көп. Ауруханада жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді де ұрып кетіп жатқан жағдайлар бар. Осыған байланысты дәрігерлердің өздері тіпті біз бұл салада жұмыс істей алмаймыз, бізге тиісті жағдай жасаңдар деп айтып жатыр. Талаптары дұрыс. Сондықтан біз ең алдымен қылмыстық жазаны қатаңдатуды ұсындық», - деп түсіндірді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.
Депутаттың айтуынша, мысалы дәрігерді итеріп жіберсе немесе денсаулығына нұқсан келтірмей ұрса, онда 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 1 000 АЕК айыппұл не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы ұсынылып отыр.
«Ал одан да қатты соққыға жықса, адамның денсаулығына қауіп төнетін болса, онда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы норма бар. Біздің ойымызша, бұл өте қажет. Бірінші кезекте дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғау үшін жасалып отыр», - деді Аймағамбетов.
Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылып, құжат жақын арада бірінші оқылымға шығады, деп атап өтті мәжілісмен.