$ 524.65  607.02  6.48
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.11.2025, 16:15
Қоғам

Әбутәліп Мүтәлі: цифрландыру – түпкі мақсат емес, адамдардың өмір сапасын арттыратын құрал

Бүгін депутаттар Цифрлық кодекстің жобасын талқылады 

Әбутәліп Мүтәлі: цифрландыру – түпкі мақсат емес, адамдардың өмір сапасын арттыратын құрал
Фото: instagram.com/abutalipm/

Мәжілісте Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің жобасы талқыланды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, «AMANAT» фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі бұл құжаттың елдің цифрлық даму бағытын айқындайтын маңызды заңнамалық бастама екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, бұл жай ғана кезекті заң емес, «еліміздегі цифрлық саланың ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын және тиімді әрі ашық цифрлық ортаны қалыптастыратын басты құжат».

Ол сонымен қатар заң жобасын әзірлеуге атсалысқан депутат әріптестеріне ризашылығын білдіріп, «бұл – өз уақытында көтерілген және өте маңызды бастама», деді. Оның пікірінше, цифрландыру экономиканың өсуіне және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр.

Мүтәлі цифрландыру саласында Ұлттық даму институтын құру туралы түзетулерге де тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұсыныс талдау мен сараптаманы күшейтуге бағытталғанымен, «институт нақты қандай іспен айналысатынын түсіну қажет». Депутат бұл ретте бұрынғы бастамалар тәжірибесінен сабақ алуға шақырды.

«Зерде» холдингі бастапқыда цифрлық дамудың қозғалтқышы ретінде құрылғанымен, іс жүзінде функциялардың шоғырлануына, тиімсіздікке және қағазбастылыққа алып келді», – деді ол.

Сондай-ақ, халық қалаулысы дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударды. Ол бұл бағыттағы баптар бар болғанымен, «цифрлық ортадағы барлық қатысушылардың мүддесін нақты қорғау үшін оларды әлі де пысықтау қажет» екенін айтты.

Депутат интернет-алаяқтық пен жеке ақпаратты заңсыз пайдаланудың көбейіп отырғанын ескеріп, ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейі жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол осыған байланысты бірнеше нақты ұсыныс айтты:

  • дербес деректер операторларына бірыңғай талаптар енгізу;
  • ақпараттық жүйелерді тұрақты аудиттен өткізу;
  • ІТ-жүйелерді сертификаттау;
  • деректердің таралу фактілері туралы азаматтар мен уәкілетті органдарға міндетті түрде хабарлау тәртібін белгілеу.

«Бұл тетіктер қауіптерді дер кезінде анықтауға, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың, бизнес пен мемлекеттің мүддесін қорғауға мүмкіндік береді», – деді Әбутәліп Мүтәлі.

Сөзін қорытындылай келе ол цифрландырудың мәнін былай түйіндеді. 

«Цифрландырудың өзі түпкі мақсат емес. Ол – адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, бизнестің дамуына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге қызмет ететін құрал. Біздің міндет – Цифрлық кодексті дәл осындай тиімді тетікке айналдыру», – деді депутат.

Оның пікірінше, құжат «бюрократияны көбейтетін немесе жаңа шектеулер тудыратын» сипатта болмауы тиіс. Сондықтан ол екінші оқылымға дейін барлық ескертулер мен ұсыныстарды мұқият пысықтау қажеттігін айтты.

Серіктес жаңалықтары