«JOBCOACH» жобасы: Алматыда 1620 адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан
Қалада 34 мыңнан астам инфрақұрылым нысанын ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімдеу мақсатында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр
Алматы – әлеуметтік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің жаңа стандарттарын қалыптастырып келе жатқан қала. Соңғы жылдары мұнда әлеуметтік қорғау жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырап, классикалық «жәрдем үлестіру» моделінен мүмкіндіктер мен бейімделуді дамыту саясатына бет бұрды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым әлеуметтік көмектің тек қаржылай төлемге негізделмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қала билігі бұл қолдауды тұрғындарды қоғам мен экономикалық өмірге белсенді араластырудың құралы ретінде қарастырады. Яғни, әлеуметтік саясат тек жәрдемақы беру немесе біржолғы көмек көрсету ғана емес, азаматтардың өз әлеуетін жүзеге асыруына, еңбекке тартылуына және өз өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін кешенді механизм болып отыр.
«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға тек көмек ұсыну емес, оларды қоғамның барлық саласына белсенді қатыстыру. Әлеуметтік саясат әр адамның өз мүмкіндіктерін іске асыруына жол ашуы керек, өмірлік қиындықтарды жеңуге және жаңа қадам жасауға ынталандыруы қажет», - деді әкімнің орынбасары.
Ол сондай-ақ, мұндай тәсіл азаматтарды әлеуметтік тәуелділіктен шығарып, қоғамға толыққанды қатыстыруға бағытталғанын айтты. Қала билігі әрбір тұрғынның еңбекке қабілеттілігін дамыту, кәсіби дағдыларын жетілдіру және өзін-өзі көрсету мүмкіндіктерін кеңейту үшін арнайы жобалар мен бағдарламалар жүргізіп отыр.
Осы қағиданы жүзеге асыру мақсатында Алматыда «JOBCOACH» жобасы қолға алынған. Бағдарлама мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға, олардың әлеуметтік бейімделуіне және кәсіби дамуына бағытталған. Жыл басынан бері мегаполисте 1 620 адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар азаматтар бар.
Мүгедектігі бар азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер
Алматыда ерекше қажеттілігі бар тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан қала әкімдігі инклюзивті инфрақұрылым мен бейімделген еңбек нарығын дамытуды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады.
«JOBCOACH» жобасы осы бағыттағы маңызды қадамның бірі болып отыр. Онда әр қатысушыға жеке жұмыс жоспары жасалып, мамандар кәсіби кеңес, психологиялық қолдау және еңбек дағдыларын дамыту бойынша жеке бағдар береді. Мысалы, кейбір қатысушылар қашықтан жұмыс істеуге бейімделсе, басқалары шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік алған. Мұндай жүйе әлеуметтік тәуелділікті азайтып, жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Қолжетімді қала: цифрлық инклюзия және инфрақұрылым
Алматыда инклюзивті қоғам құру тек жұмыспен қамтумен шектелмейді. Қалада 34 мыңнан астам инфрақұрылым нысанын бейімдеу мақсатында үлкен жұмыс жүргізілуде. Мұнда мектептер, емханалар, мәдениет үйлері, спорт кешендері мен қоғамдық кеңістіктер қамтылады. 2030 жылға дейін барлық нысандар паспорттаудан өтеді, яғни олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделу деңгейі тексеріліп, жетілдіру жұмыстары жасалады. Бұл процесс «Цифрлық инклюзия» онлайн платформасында жүргізіледі. Бұл платформа әр нысан бойынша фотоесеп, бейімдеу деңгейі және қолжетімділік индикаторларын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай цифрлық бақылау жүйесі әлеуметтік саясаттағы ашықтықтықты көрсетеді.
Әлеуметтік қызмет сапасы және мамандардың әлеуеті
Алматы қаласында қазіргі таңда 9 медициналық-әлеуметтік мекеме, 14 үкіметтік емес ұйым және 8 үйде қызмет көрсету бөлімшесі қызмет көрсетеді. Бұл мекемелер жыл сайын 7 мыңнан астам тұрғынға әлеуметтік көмек ұсынады. Мекемелерде 1,6 мың әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Биыл олардың еңбегін ынталандыру мақсатында 30 пайыз көлемінде үстемақы енгізілді.
2026 жылдың бірінші жартысына дейін қала бойынша 1 000-нан астам маман біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Курстарда заманауи әлеуметтік технологиялар, реабилитациялық әдістер және халықаралық тәжірибелер енгізілген.
Қаланың әлеуметтік экожүйесі: орталықтар мен жобалар желісі
Бүгінде Алматыда әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа архитектурасы қалыптасып келеді. Қалада түрлі мақсатты топтарға арналған бірқатар орталықтар тиімді жұмыс істеп отыр. Мәселен:
- «Ерте араласу орталығы» – дамуында ауытқуы бар үш жасқа дейінгі балаларды қолдау және олардың ата-аналарына психологиялық-әдістемелік көмек көрсету;
- «Отбасыны қолдау орталығы» – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету;
- «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» – зейнеткерлер мен егде жастағы азаматтардың бос уақытын тиімді өткізу, сауықтыру және әлеуметтік бейімдеу қызметтерін ұсыну.
Соңғы орталықтың қызметін жыл сайын 24 мыңнан астам зейнеткер пайдаланады. Мұнда қарттар спортпен шұғылданып, шығармашылық үйірмелерге қатысады, психологиялық тренингтер мен IT сауат ашу курстарына қатыса алады.
Жаңа оңалту орталықтары ашылады
Нұрлан Әбдірахым атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 150 орындық жаңа оңалту орталығының жобалау жұмыстары аяқталуға жақын. Заманауи орталық балалар мен ересектерге арналған бейімделген қызметтерді біріктіретін бірегей мультифункционалды мекеме болмақ. Онда физиотерапия, эрготерапия, логопедиялық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Жоба 2026 жылы іске қосылады. Тағы Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандарында үш жаңа оңалту орталығы ашу жоспарланған. Олар жылына 200-ге жуық адамды қамтиды. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастамалар тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, инклюзивті қоғам құру идеясын ілгерілетуге де үлкен серпін береді.
ҮЕҰ және қоғам белсенділері: әлеуметтік серіктестіктің жаңа моделі
Қала әкімдігі әлеуметтік мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік қатынасты дамытып келеді. Қазір Алматыда 14 ҮЕҰ әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне белсенді қатысуда. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар мен жастарды қолдау, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көмек көрсету бағыттарында жұмыс істейді. Мысалы, кейбір ұйымдар «қайта әлеуметтену» жобаларын іске асырып, қиын жағдайға түскен азаматтарға жеке даму бағдарламаларын ұсынады. Мұндай тәжірибе мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара сенімді арттырып, қоғамдық бақылау мен әлеуметтік жауапкершіліктің жаңа деңгейін қалыптастырады.
Алматыда әлеуметтік саясат тек көмек көрсетуге ғана негізделмей, әрбір азаматтың қоғамдағы орнын тауып, өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталған. Қала тәжірибесі еліміздің басқа өңірлері үшін үлгі бола алады. Мұнда әлеуметтік қамқорлық тек жәрдемақы төлеумен шектелмей, азаматтық әлеуетті дамыту стратегиясына айналған.