Енді Алматыдан Ташкентке қатынайтын Тальго пойызы күнде жүреді
Екі қала арасындағы күнделікті пойыз 14 желтоқсаннан бастап жүреді
2025 жылдың 14 желтоқсаннан бастап «Алматы-Ташкент» халықаралық бағыты бойынша жүретін Тальго пойызының қозғалыс кестесі күнделікті режимге ауысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Жолаушылар тасымалы» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, жаңа кесте тәулігіне 400-ден астам жолаушыны тұрақты түрде тасымалдауға мүмкіндік береді.
«Күнделікті қатынас пойыз қозғалысының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сапарларды жоспарлауды жеңілдетеді. Бұл шешім Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік қатынасын нығайтуға, туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға сеп болады», — деп хабарлайды ҚТЖ компаниясының баспасөз қызметі.
Компания алдағы қысқы маусымға орай бірқатар бағыттарда пойыз қозғалысы кестесіне қосымша өзгерістер енетінін де хабарлап отыр.
Ал, Ташкент пен Алматы арасындағы пойыз билетін bilet.railways.kz ресми сайтынан немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады.