«Кредиттік шопинг»: қазақстандықтардың несиесін қалай азайтуға болады
Депутат өз шешімін ұсынды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртазаның айтуынша, Кредиттік бюроның деректер базасы дер кезінде жаңартылмайтындықтан, адамдар бір уақытта бірнеше несие алып үлгереді. Осыған байланысты ол деректер базасын жаңарту процесін жеделдетуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Менің ойымша, халықтың қарызға белшесінен батуының басты себебі – «кредиттік шопинг». Адамдар әртүрлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан бірнеше несие алады. Оған базаның дер кезінде жаңартылмауы себеп – банктер адамның басқа несиелері бар екенін көрмейді де, жаңа несиелерді бірінен кейін бірін мақұлдай береді», – дейді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Заң жобасы аясында депутаттар жаңа несиелер туралы мәліметті Кредиттік бюроға жіберу уақытын қысқартуды ұсынды.
«Қазір бұл процесс бір сағатқа дейін созылады, ал осы бір сағаттың ішінде адам он несиеге дейін рәсімдеп үлгереді. Осыған байланысты сұрақ: банктер мен микроқаржы ұйымдары деректерді Кредиттік бюроға жіберудің жедел режиміне көше ме?» – деп сұрады Нұртаза Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасынан.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасына жаңа өзгерістер енгізілген. Енді кредиттік бюролар мақұлданған несиелерді ғана емес, сондай-ақ несиеге өтінім берілген фактілерді де тіркеуге міндетті болады, өтінім мақұлданған ба, әлде кері қайтарылған ба, бәрі жазылады.
«Бұл мәселе заң аясында қарастырылды. Біз ақпаратты бір сағат ішінде жіберу талабын сақтаймыз. Бірақ сіз дұрыс айтасыз, тіпті бір сағаттың ішінде бірнеше өтінім беріп үлгеретіндер бар. Бұрын мұндай норма болмаған. Енді басқа қаржы ұйымдары бірінші өтінімнің мақұлдануы немесе бас тартқаны туралы ақпарат түскенше, жаңа несиені мақұлдай алмайды. Осылайша, бұл норма «кредиттік шопинг» мәселесін толық шешеді», – деді Әбілқасымова.