Бірлігі бар елге ешқашан сырттан жау келмейді – депутат
Қазақстан әскерін қару-жарақпен қамтамасыз ету жоспарына өзгеріс енгізу қажет деп санайды мәжілісмен
Бүгінде әлемде геосаяси жағдай күрделене түскен сайын, ұлттық қауіпсіздік ұғымы шекараны қорғаумен немесе әскердің қуатымен ғана өлшенбейтіні айқын. Ұлттық қауіпсіздік — бұл елдің ішкі бірлігі, экономикалық әлеуеті, ақпараттық тәуелсіздігі және халықаралық қатынастардағы орнының тұрақтылығы. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркін Әбілдің пікірінше, Қазақстан бұл бағыттардың барлығында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экономика мен дипломатияның рөлі
Депутаттың айтуынша, саяси қауіпсіздіктің бірінші маңызды факторы — экономикалық тұрақтылық.
«Саяси қауіпсіздіктің ең маңызды факторы – экономиканың жағдайы. Егер экономика өсіп, елде қаржы жеткілікті болса, әскер заманауи техникамен жабдықталып, әскери дайындықтар жүйелі түрде жүргізіліп тұрса, бұл ұлттық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай күшейтеді. Дегенмен әрбір әскер көбіне өткен соғыс тәжірибесіне сүйеніп дайындалады. Біз де мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан бүгінде әлемдегі, әсіресе көршілес елдер арасындағы қақтығыстарға ерекше назар аударылып отыр. Біздің әскери сарапшылар да бұл жағдайды мұқият бақылап отыр. Бәлкім, әскерді техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз ету жоспарларына да өзгеріс енгізу қажет шығар. Өйткені қазір қолданып жатқан немесе сатып алып жатқан әскери техника, қару-жарақ заман талабына сай ма, ескіріп қалған жоқ па деген сұрақ та туындайды», - дейді Еркін Әбіл.
Оның айтуынша, еліміздің әскери басшылығы да дәл осындай пікірде.
«Мен жуырда жаңалықтардан дрон операторлары арасында сайыс өткізіліп жатыр деген ақпаратты көрдім. Соған қарағанда қазіргі заманауи соғыстарға назар аударып, біздің әскерді бүгінгі өзгеріп жатқан әскери әдістерге бейімдеп, дайындап жатыр деп айтуға болады», - дейді мәжілісмен.
Еркін Әбілдің пікірінше, кез келген соғыс дипломатияның әлсірегенінен туындайды.
«Әрбір әскери қақтығыс, әрбір соғыс — бұл дипломатияның жеңілуі. Сондықтан ең басты қауіпсіздік мәселесін шешетін — дипломатия. Осы тұрғыдан Қазақстанның жағдайы жақсы деп есептеуге болады, себебі бүгінде Қазақстанға тікелей әрі ашық қарсы шыққан мемлекеттер жоқ. Біз бүкіл мемлекетпен тіл табысып, бейбіт қарым-қатынасты дамытып жатырмыз», — дейді депутат.
Ішкі тұрақтылық — ұлттық қауіпсіздіктің өзегі
Еркін Әбілдің айтуынша, елдің қауіпсіздігіне ішкі мәселелер зор қауіп төндіреді.
«Ел ішінде бірлік болса, сырттан ешқашан жау келмейді. Бірлігі бар елді сыртқы жау ешқашан жаулап ала алмайды, біз оны тарихтан білеміз. Барлық елдің сыртқы мәселелерінің бәрі ішкі мәселелермен байланысты болды. Ішкі дағдарысқа ұшыраған елдерге ғана сырттан жау келеді. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі мақсаттарының бірі – ішкі бірлікті сақтау. Бұл бағытта да қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді депутат.
Ол соңғы өткен ұлттық құрылтайда депутаттар ішкі саясат тұжырымдамасын қабылдау мәселесін көтергенін атап өтті.
«Менің білуімше, осы тұжырымдама жақында жариялануға тиіс. Ол да ұлттық қауіпсіздікті нығайту жолындағы үлкен маңызды қадам болады деп ойлаймын», - дейді халық қалаулысы.
Ауыр қылмыс азайып келеді
Депутат елдегі қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталып, азаматтарды «заң мен тәртіп» қағидатын ұстануға үндеді.
«Менің ойымша, қазір жақсы шешіліп жатқан мәселелердің бірі – жалпы қауіпсіздік пен қылмысқа қарсы күрес. Қазақстанда соңғы он жылда бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар деп есептеймін. Қазір кешкі уақытта, тіпті үлкен қалаларда да көшеге шығу қауіпсіз. Соңғы үш жылда ауыр қылмыстардың саны азайып келеді. Сондай-ақ балаларға қарсы қылмыстардың саны соңғы екі жылда екі есе қысқарды. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты үздіксіз жалғастырсақ, нәтижеміз бұдан да жақсы болмақ. Қазір қоғамда «заң мен тәртіп» деген жақсы қағида қалыптасты. Осы қағиданы қоғам болып ұстансақ, айыппұлдар мен жазаларға шағымданбай, тәртіпті қатаң сақтасақ, бұл да ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторларының бірі бола алады деп ойлаймын», - деп пікір білдірді Еркін Әбіл.
Мәжілісменнің ойынша, өскелең ұрпақ жас кезінен тәртіпке үйреніп, оны басты қағида ретінде ұстанса, елімізді болашақта оң өзгерістер күтеді.
«Жастар тәртіпке дағдыланып, оны жастайынан басты қағида ретінде қабылдаса, Қазақстан болашақта айтарлықтай өзгереді. Сонда ұлттық қауіпсіздік, соның ішінде ішкі қауіпсіздік те жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Алдағы үш-бес жылда бұл бағыттағы оң өзгерістерді көреміз деген сенімдемін», - дейді депутат.
Ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық дәуірдің сын-қатері
Қазіргі таңда ақпараттық кеңістік те ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігіне айналды. Еркін Әбілдің пікірінше, қазіргі цифрлық революция мен жасанды интеллект дәуірінде әсіресе жастарды сыни ойлауға, ақпаратты дұрыс қабылдап, жалған және шынайы ақпаратты ажырата білуге үйрету өте маңызды.
«Қазір біздің көз алдымызда нағыз цифрлық революция жүріп жатыр, жасанды интеллект қарқынды даму үстінде. Осындай кезеңде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты тетігі – білім беру жүйесі. Яғни, балалар мен жастардың бойында сыни ойлау қабілетін, ақпаратқа сын көзбен қарау дағдысын қалыптастыру аса маңызды. Бұл жұмыс жасанды интеллект туралы заңмен, цифрлық кодекспен шектелмеуі тиіс. Балаларға ақпаратты дұрыс қабылдау, оны дұрыс түсіну, жалған және шынайы ақпаратты ажырата білу сияқты жаңа қабілеттер керек. Сондықтан біз қазір бүкіл білім беру жүйесін өзгертуіміз керек. Цифрлық, ақпараттық революция заманында өмір сүру үшін жастарға жаңа қабілеттер мен дағдылар керек», - деп есептейді депутат.
Бейбіт уақытта әскердің дайындығын объективті бағалау мүмкін емес
Мәжілісменнің айтуынша, әскердің дайындығын бейбіт уақытта толық бағалау мүмкін емес, өйткені оның шынайы дайындығын соғыс жағдайы ғана көрсете алады.
«Ұлттық қауіпсіздікті қалай сипаттауға болады деген – өте күрделі сұрақ. Себебі бұл бағытта қазір әртүрлі шаралар жүзеге асып жатыр. Алайда егер әскери қауіпсіздікті, яғни әскердің дайындығын қарастырсақ, оның болашақтағы ықтимал қақтығыстарға қаншалықты дайын екенін соғыс жағдайы ғана көрсете алады. Әрине, ондай сыннан Құдай сақтасын, бірақ бейбіт уақытта әскердің дайындығын толық бағалау мүмкін емес. Әртүрлі бағалаулар мен рейтингтер бар, олар сан алуан факторды ескереді. Дегенмен, мұның бәрі субъективті бағалау деп айтуға болады. Өкінішке қарай, нақты дайындық деңгейін біз айта алмаймыз», - дейді депутат.