«Тоғыз бауырын асырау үшін жұмыс істеген»: Ақтау соты 17 жастағы сатушы қыздың ісін қарады
Әкімшілік полиция қыздың анасын ата-ана міндетін дұрыс атқармады деп айыптады
 
                        Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ақтауда тұратын он баланың анасына қатысты істі қарап, шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, 17 жастағы оқушы қыздың сатушы болып жұмыс істегенін анықтаған инспектор оның анасына айыппұл салған. Әйел адам қаулымен келіспей, сотқа жүгініп, инспектордың әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.
«Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарай келе, келесі мән-жайларды анықтады: инспектор кәмелетке толмаған қызды еңбек шартының жоқтығына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеген; жеке кәсіпкер мен талап қоюшының қызы арасында іс жүзінде консультант ретінде жұмысқа қабылдау туралы шарт жасалған, ол сотқа ұсынылған; жұмыс беруші мен кәмелетке толмаған қыз сотта оның 17 жаста екенін түсіндірген; Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін, бұл ретте кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты күніне екі сағаттан аспауы тиіс», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Бір айта кетерлігі, 17 жастағы қыз кәмелетке толмаған тоғыз бауыры бар көпбалалы отбасына көмектесу мақсатында жұмыс істеген екен.
«Сот еңбек шартында мөрдің болмауы кәмелетке толмағанның кінәсі болып есептелмейтініне назар аударды. Сондай-ақ, заң бойынша ешкім кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес. Әкімшілік іс жүргізу барысында адамның кінәлілігіне қатысты барлық күмәндар оның пайдасына қаралады. Адам тек өз кінәсі дәлелденген әрекет үшін ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Осыларды ескерген сот әйелдің талабын қанағаттандырып, бұған дейінгі айыппұл туралы хаттаманы жойды. Соттың қаулысы заңды күшіне енді», - деп хабарлайды сот.
 
                         
                    