$ 530.47  613.75  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.10.2025, 13:14
Қоғам

Ұстазға – көлік, оқушыға – грант: «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы аясында меморандумға қол қойылды

Екі ұйым тіл мен руханиятты қолдауға бағытталған жобаға қолдау білдірген

Ұстазға – көлік, оқушыға – грант: «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы аясында меморандумға қол қойылды
Фото: Alibek Aldeney

Қарағанды облысының әкімдігі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және «Қазтұтынуодағы» Қарағанды университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Екі ұйым өңірімізде тіл мен руханиятты қолдауға бағытталған «Тұлпар мініп, ту алған» жобасына қолдау білдіріп отыр. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы серіктес ретінде жоба жеңімпазы атанатын ұстазға автокөлік сыйлау бастамасын көтерсе, 60 жылға жуық тарихы бар білім ордасы жоба жеңімпазы атанатын оқушыға университет грантын тағайындау туралы шешім қабылдады. Бұл — өскелең ұрпақтың интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам», - деп жазған Әлденей.

Оның айтуынша, «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы – жыраулық дәстүрді және халық ауыз әдебиетін дәріптейтін сайыс. Сайысқа облыстың 13 өңірінен 4 мыңнан астам оқушы тіркелген. Әсіресе Бұқар жырау ауданы, Қарағанды қаласы, Саран, Приозерск және Ақтоғай ауданы белсенділік танытып отыр.

«Қуантарлығы – жыр додасына мүмкіндігі шектеулі балалар мен өзге этнос өкілдері де қатысып жатыр. Бұл – жобаның шынайы инклюзивті сипатының, сондай-ақ қазақ тілінің ұлт пен ұлысты біріктіретін ортақ құндылық екенінің айғағы. Бүгін қол қойылған меморандумдар Қарағанды өңірі үшін руханият пен білімнің, тіл мен ғылымның бір арнада тоғысқан маңызды белесін айшықтайды», - дейді әкімнің орынбасары.

Серіктес жаңалықтары