Түркістанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті
Фестивальге 90 бала мен 30 команда қатысқан

Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті спорт фестивалі ашылды. Іс-шара Республика күні қарсаңында облыстық партия филиалының Әйелдер қанатының бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Фестивальге 90 бала мен 30 команда қатысты. Олардың арасында қимыл-тірек аппараты бұзылған және менталдық ерекшеліктері бар балалар өзара бақ сынап, бочча, жеңіл атлетика, сондай-ақ «Біз жеңімпаз боламыз!» атты эстафеталық жарыстарға қатысты. Балаларды қолдау үшін 400-ге жуық жанкүйер жиналды.
Салтанатты ашылу рәсіміне «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Құдияров қатысты.
Қалыйма Жантөреева өз сөзінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау партияның басты бағыттарының бірі екенін атап өтті:
Әр баланың мүмкіндігі шексіз. Сол мүмкіндікті ашуға сенім мен жағдай жасау – біздің абыройлы міндетіміз. «Тең мүмкіндіктер» фестивалі осымен екінші жыл өткізіліп отыр. Биылғы шара Түркістанның даңқты спортшысы Бекзат Саттарханов есімін иеленген кешенде өтуде. Бұл спорт нысаны «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында салынған, – деді ол.
Сондай-ақ ол партияның инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы нақты істерін атап өтті: Сауран ауданында балаларға арналған оңалту орталығы, ал Түлкібас ауданында аутизм диагнозы бар балаларға арналған орталық ашылғанын айтты.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздарға дипломдар, медальдар мен кубоктар табысталды. Марапаттау рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қатысушыларды Республика күнімен құттықтады.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалі – тек спорттық жарыс емес, ол адамгершілік пен бірліктің, сенім мен ерік-жігердің мерекесі, – деді ол.
Іс-шара ерекше балалардың әлеуетін ашуға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және инклюзивті мәдениетті нығайтуға бағытталды.