$ 538.11  623.51  6.61
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.10.2025, 18:00
Қоғам

Қазақстанда жастарды патриоттыққа тәрбиелеу жұмысы қалай жүріп жатыр

Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру үшін патриоттық тәрбие бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді

Қазақстанда жастарды патриоттыққа тәрбиелеу жұмысы қалай жүріп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Патриоттық тәрбие – ұлттың рухын көтеретін ең маңызды бағыттардың бірі. Қазақстанда жастарды елін, жерін сүюге баулитын игі бастамалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Ерлік пен елдікке үндейтін бұл шаралар жас буынның санасында Отанға адалдық сезімін нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ел ертеңін айқындайтын басты құндылықтардың бірі – отансүйгіштік сезім. Патриотизм – бұл туған жерге деген сүйіспеншілік қана емес, ол азаматтың өз мемлекетінің тағдырына бейжай қарамауы, оның дамуы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етуі. Қазақстанда бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар мемлекет саясатының маңызды бөлігіне айналған.

Патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында Қазақстан Қарулы күштерінің әскери басқару органдары 3490 жалпы білім беру ұйымымен тығыз байланыс орнатқан. Бұл еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептер мен колледждерде әскери-патриоттық бағыттағы білім беру ісінің тұрақты жүйеге айналғанын көрсетеді.

2025 жылғы 1-5 қыркүйек аралығында өткізілген «Ерлік сабақтары» – соның айқын дәлелі. Бұл шара 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасынан 450 мыңнан астам жасты қамтыды. Сабақтар ел жастарында Отанға деген мақтаныш сезімін арттыруға, нағыз ел қорғаушылардың бейнесін санаға сіңіруге бағытталды. Шалғай ауылдар мен аймақтар да бұл бастамадан тыс қалған жоқ: еліміздің түкпір-түкпірінде 200-ден астам кездесу өткізіліп, оқушыларға әскери қызметтің мәні мен абыройы түсіндірілді. Іс-шараларға Қарулы күштердің командалық құрамындағы офицерлер, әскер түрлерінің қолбасшылары мен бөлім қызметкерлері, сондай-ақ қоғам белсенділері — барлығы 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысты.

Сонымен қатар алдыңғы аға буынның ерлігін келер ұрпаққа жеткізу үшін «Ардагер өсиеті» жастар марафоны ұйымдастырылды. Марафонның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өсиетін, олардың елге деген адалдығы мен батырлығын жас ұрпаққа жеткізу. Бұл игі бастама маусым айында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ақтөбе облысында өсиетті табыстау рәсімінен бастау алып, еліміздің барлық өңірін аралауда. Әрбір аймақтан өткен сайын, ардагерлердің ерлікке толы өмір жолдары жастарға үлгі ретінде насихатталуда. Марафон соңында өсиет Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың мұражайына табысталмақ. Бұл шараның мәні – бір ғана тарихи естелікті сақтау емес, сонымен қатар жас буынды елдік рухқа, ар-намыс пен борыш ұғымына тәрбиелеу.

Патриоттық тәрбиенің күшеюі – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Бүгінде Қазақстанда бұл бағытта кешенді бағдарламалар іске асырылып келеді: мектептер мен колледждерде әскери-патриоттық клубтар ашылуда, әскери-спорттық ойындар мен жастар форумдары ұйымдастырылуда, бұқаралық ақпарат құралдарында батырлық пен отансүйгіштік тақырыптары кеңінен насихатталып жатыр. Мұның барлығы – болашақ ұрпақтың бойына елге деген адалдық пен жауапкершілік сезімін дарытудың тетігі.

Серіктес жаңалықтары