Қазақстан мектептері инклюзивті білім беруге дайын ба?
Мамандардың пікірінше, ауыр диагнозға шалдыққан балаларды жалпыға ортақ білім бағдарламасымен оқытудың өзі әбестік

Елімізде 18 жасқа дейінгі 89 мыңнан астам баланың мүмкіндігі шектеулі. Кембағал жандарды қоғамға бейімдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Соңғы жылдары Қазақстан мектептерінде инклюзивті білім беру жүйесі белсенді түрде енгізіле бастады. Қоғам оған қаншалықты дайын? Тақырыпты Azattyq Rýhy тілшісі зерттеп көрген еді.
Әр баланың мектепте оқуға толық құқығы бар. Инклюзивті білім беру жүйесін енгізудегі мақсат – мүмкіндігі шектеулі балғындардың қоғамға бейімделіп, оның толыққанды мүшесіне айналуына жағдай жасау. Ал қоғамның өзі кембағал жандарды қабылдауға әзір ме? Бұл сауалды педагогика саласында 43 жыл, инклюзивті білім беру жүйесінде 10 жылдан артық тәжірибесі бар ұстаз Жангелді Тәжинге қойып көрген едік. Білікті маман бұл іске «ұрандатып» емес, жүйелі түрде кірісу қажеттігін айтады.
«Мамандарды дайындау, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету – бұның барлығы шешімін табатын мәселелер. Ал адамның психологиясын өзгерту күрделі дүние. Инклюзивті білім беру жүйесіне көшуді ең алдымен содан бастау керек. Әрине, әр баланың өз құрдастарының ортасында жүргені жақсы. Бұл оның дамуына оң әсер етеді. Ол өзінен қабілеті жоғары балаларға еліктеп өседі. Олармен қарым-қатынасқа түскісі келеді. Басқа ата-аналар, мұғалім жақсы қараған жерде ерекше балалардың дамып кетуі заңды дүние. Инклюзивтің бір жақсы жағы осы. Оған теріс қарауға болмайды. Алайда, баланы орта қабылдамаса, түсіністікпен қарамаса, психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді. Ол өзінің кем екенін күн сайын сезініп, түсінеді. Оған өзгелердің мазақтауы, қорлауы қосылса ауыр күйзеліске алып келеді», – дейді ол.
Инклюзия – жүйелі жұмысты талап етеді
Жангелді Тәжин көп жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облыстық есту кемістігі бар балаларға арналған түзету мектеп-интернатын басқарған. Көпті көрген ұстаз өз тәжірибесінен бірнеше мысал келтірді. Арнайы мекемеде оқып жүрген балалардың бірі сөйлеп үйренгеннен кейін ата-анасы жалпы білім беретін мектепке ауыстырған. Алайда, есту кемістігі бар жасөспірім жаңа ортаға бейімделе алмаған. Оған сыныптағы оқушылар мен олардың ата-аналарының ерекше баланы қабылдамауы, тіпті кейбірінің қарсылық танытқаны себеп болған. Олар мұндай балаға мұғалімнің көп уақыт бөлінетіндігін айтып, наразылық білдірген. Кейін кембағал бала мектеп-интернатқа қайтып келіп, білімін ары қарай жалғастырған. Қолына аттестат алған соң, басқалармен бірдей емтихан тапсырып, жоғары оқу орнына түскен.
«Инклюзивті жүйе енгізу үшін білім министрлігінде арнайы бөлім құрылды. Оған еш жерде жұмыс істемеген, тәжірибесі жоқ жастар қабылданды. Олар қайткен күнде берілген жоспарды орындау мақсатында инклюзивті білім беруді кампанияға айналдырып жіберді. Жергілікті жерге тапсырма беріп, статистика жүргізеді. Оның барлығы науқаншылыққа әкеп соқты. Тапсырма берілді ме, соның нәтижесін талап етеді. Оның орындалмауының жай-жапсарын, себебін біліп те жатпайды. Инклюзивті білім беру - бұл әлемдік тәжірибе, заман талабы. Бірақ оны науқанға айналдыруға болмайды. Осы екен деп, кемістігі бар баланы соңғы партаға апарып отырғызып кою – әбестік. Бұл мәселеге жүйелі түрле келуіміз керек», - дейді Жангелді Уақпанұлы.
Салада маман тапшы
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, Солтүстік Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 5 150 бала тіркелген. Оның 33 пайызы ғана мектепке барады. Әсіресе ескі ғимараттарда тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арнайы жеделсаты, пандус, зағип жандардың жүріп-тұруына мүмкіндік беретін қондырғылар, есту кемістігі барларға қызмет көрсететін сурдоаудармашылар жоқ.
«Инклюзивті білім беретін ұйымдар желісін көбейту мақсатындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері 500-ден астам мұғалім біліктілігін арттырды. 470 мекемеде: 383 мектеп, 48 балабақша, 19 колледж бен 20 арнайы мекемеде «кедергісіз» жағдай жасалды», – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Наталья Сербина.
Салада маман тапшылығы мәселесі де бар. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша арнайы білім беру саласында 156 педагог жетіспейді.
Өткен оқу жылында Петропавл қалалық №21 орта мектепте «Болашақ» қорының қолдауымен аутизм диагнозына шалдыққан балаларға арналған инклюзияға қолдау көрсету кабинеті ашылды. Онда психолог, деффектолог, әлеуметтік педагог сынды мамандар ерекше балалармен жұмыс істейді. Қазір аталған мектепте аутизм дертіне шалдыққан 10 бала білім алып жүр. Әрқайсысының жанында бекітілген тьюторы бар. Бастапқыда баласын өзгелермен оқытуға ниет білдірген ата-аналар саны көп болғанымен, орын саны шектеулі болған. Индира Батырбекованың баласы 2-ші сыныпта оқиды. Ұлы даярлық және 1-ші сыныптарды жалпы білім беретін ауыл мектебінде оқыған. Ата-ана екеуін салыстыруға да келмейтіндігін айтады.
«Ауыл мектебінде баламмен сабаққа бірге барып жүрдім. Түрлі проблемалар болды. Қазір арнайы мамандардың көмегімен жағдайымыз жақсарып қалды. Сынып жетекшісі де басқа балалармен дұрыс жұмыс істей білді. Ешқайсысы ұлымды бөліп-жармайды», - дейді ол.
Өкінішке қарай мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығына мұндай жағдай жасалмаған. Тірек-қимыл аппараты зақымданған, есту, көру қабілеті нашар, ақыл-есі кем балалар үшін орта мектептердің «есігі жабық» деуге болады. Мамандардың пікірінше ауыр диагнозға шалдыққан балаларды жалпыға ортақ білім бағдарламасымен оқытудың өзі әбестік.
«Жалпы білім беретін мектептерде ақыл-есі кем, көру қабілеті нашар, тағы басқа ауыр диагнозы бар балаларға ағылшын тілін үйретеміз. Білім министрлігі жалпыға ортақ стандартты күшпен енгізеді. Құлағы естімейтін, өз тілінде де сөйлемейтін балаға шет тілінің қанша қажеті бар? Қабілеті төмен оқушылар оны үйренбейді де. Одан да жасөспірімдерді қол еңбегіне бейімдеу керек. Ер балаларға отын жару, пеш жағу, электр жүйесін жөндеу сынды жұмыстарды үйретсе, өмірде көбірек пайдасы болады. Қыз балалар тамақ пісіру, киімін тігу, шаш қиюды меңгерсе өзіне жақсы. Біз ерекше балаларды бірінші кезекте өмірге бейімдеуіміз керек», – дейді Жангелді Тәжин.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО