$ 543.24  619.89  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жаңа ереже енгізілді: енді бір пәтерге қанша тұрғын тіркеле алады

Бұдан былай әрбір пәтерге немесе жеке үйге тіркелген тұрғындар санына лимит қойылады

Қазақстанда жаңа ереже енгізілді: енді бір пәтерге қанша тұрғын тіркеле алады
Фото: Polisia.kz

Қазақстанда 2025 жылдың 17 шілдесінен бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеудің жаңа ережесі күшіне енді. Мемлекет басшысы қол қойған заң жалған тіркеуге және «резеңке пәтерлерге» қарсы тұруға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Krisha.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір пәтерге қанша адам тіркеле алады?

Жаңа ережеге сәйкес, енді бір мекенжайға адамдарды қалағанша тіркеуге болмайды. Бұдан былай әрбір пәтерге немесе жеке үйге тіркелген тұрғындар санына лимит қойылады.

Алайда республика бойынша бірыңғай стандарт жоқ. Нақты сандық шектеулер жергілікті деңгейде – облыстар мен қалалардың мәслихатында анықталады. Мысалы, Алматыда тіркеуге рұқсат етілген адам саны Шымкент немесе Астанадағы стандарттан өзгеше болуы мүмкін.

Лимит қолданылмайтын жағдай:

  • Ерлі-зайыпты;
  • Балалар;
  • Бірге тұратын жақын туыстар.

Азаматтардың мұндай санатына шектеу қойылмайды.

Жалған тіркеуге қойғандарға айыппұл салынады

Лимитті енгізумен қатар полиция тарапынан бақылау күшейтіліп жатыр. Уәкілетті органдардың қызметкерлері мекенжай бойынша тіркелгендер мен нақты тұратындар саны арасындағы сәйкестікті тексеруге құқылы.

Егер жалған тіркеу анықталса, яғни адам тіркелген, бірақ ол жерде тұрмайтын болса, тұрғын үйдің иесі де, «тіркеудегі» тұлға да жауапкершілікке тартылады.

Айыппұл мөлшері:

  • 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіштер), бұл шамамен 40 000 теңге.

Алғаш рет заңнамада «жалған тіркеу» түсінігі ресми түрде бекітілді.

Кімдерге уақытша тіркеу қажет емес

Бұған дейін қазақстандықтар басқа мекенжайда 30 күннен артық тұрса – қонаққа барса, жалдамалы баспанада тұрса, оқып жүрсе, іссапарда болса, уақытша тіркеуге тұруға міндетті болатын.

Енді мына жағдайларда:

  • тұрақты тұрғылықты жерден алыс жерде оқығанда;
  • іссапарда жүргенде;
  • стационарда ұзақ емделгенде уақытша тіркеу қажет емес.

Әрі қарай не болады: енгізу және бақылау мерзімі

Заң ресми түрде күшіне енгенімен, лимит жүйесі әлі жұмыс істей бастаған жоқ. Облыстық мәслихаттар тіркеудің нақты сандық стандартын бекітуі керек. Осыдан кейін уәкілетті органдар тексеру тетіктерін әзірлеуге және бақылау рәсімдерін енгізуге кіріседі.

Осылайша, өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі және жергілікті деңгейде нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралғаннан кейін ғана толықтай қолданылады.  

Серіктес жаңалықтары