Полиция мәтінінде «мен сені алып қашамын» деген сөздері бар ән авторларын тексереді
Бұл туралы бүгін ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлім етті

Ішкі істер министрлігі мәтінінде «алып қашу» немесе зорлық-зомбылыққа шақыратын сөздері бар ән авторларын тексереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін көшпелі үкімет сағатынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.
«Менің ойымша, егер әннің мәтінінде зорлық-зомбылыққа шақыру сияқты ой болса, онда әрине біз оны қараймыз. Әзірге мен ондай ән естіген жоқпын. Біз мониторинг жасап, реакция танытуымыз керек. Жалпы, мониторинг жүргізіп отырамыз. Егер әрине, әннің мәтінінде «алып қашамын, зорлаймын» деген сөздер болса, оны тексеру керек», - дейді Сәденов.
Айта кетейік, биыл қыркүйектен бастап Қазақстанда қыз алып қашу қылмыстық кодекс аясында ауыр жазаланатын баптарға енді.