$ 540.06  628.25  6.61
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:00
Қоғам

Түрмеде отырған адам Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығын сотқа беріп, жеңіп шықты

Сот денсаулық сақтау министріне жеке ұйғарым жолдады

Түрмеде отырған адам Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығын сотқа беріп, жеңіп шықты
Фото: istockphoto.com

Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы Қызылорда түрмесінде жатқан ер адамды өздері отаға шақырып, артынша оны қабылдаудан бас тартқан. Сот орталықтың әрекетін заңсыз деп тауып, сотталушыға медициналық көмек көрсетуге міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызылорданың түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы нейрохирургтың қорытындысымен бел омыртқасына қайта ота жасау үшін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберілген. Орталық «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы операция күнін белгілеген. Осыдан кейін сотталушы емделу үшін конвоймен Астанаға жеткізілген. Алайда медициналық мекеме «бізде сотталған адамдарға арналған арнайы палата жоқ» деп ер адамды ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Сотталушы мұны әділетсіз деп санап, сотқа шағымданған.

Бірінші сатыдағы сот істі қарап, Ұлттық нейрохирургия орталығының бас тартқанын заңсыз деп тапты. Заң бойынша түрмеде отырған адамдар да толық медициналық көмек алуға құқылы. Ал денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, ауруханаларда арнайы күзеті бар, оқшауланған палаталар болуы тиіс, яғни конвоймен келетін адамдар үшін жағдай жасалуы керек. Оның үстіне орталық бұған дейін науқасты қабылдауға келісіп, операция күнін өздері бекіткен.

Жоғары соттың ақпаратынша, сот пациентті ауруханаға жатқызудан бас тартуды заңсыз деп танып, Ұлттық нейрохирургия орталығын емделуге және операция жасауға жағдай жасауға міндеттеді.

Бұған қоса, денсаулық сақтау министріне болашақта мұндай заңбұзушылықтар қайталанбас үшін шара қабылдау туралы жеке ұйғарым жолдаған.

Әзірге сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары