$ 541.63  632.24  6.61
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.10.2025, 14:11
Қоғам

Тоғыз айда Қазақстандағы педофилия фактілері 24 пайыз азайды – Динара Зәкиева

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл екі жылдың жұмысын қорытындылады

Тоғыз айда Қазақстандағы педофилия фактілері 24 пайыз азайды – Динара Зәкиева
Фото: Instagram/zakiyevadinara

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева президенттің тапсырмасы бойынша соңғы екі жылда атқарылған жұмысты қорытындылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Екі жыл бұрын, күзде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Содан бері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тұтас жүйені қалыптастыру үшін қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды», – деді Зәкиева.

Оның айтуынша, әкімдіктер жанынан Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылып, қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді.
Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR–111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілген.

«Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Аймақтарда осы шараларды іске асыру барысында біз шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт аралығында орын алған оң өзгерістерді де көріп отырмыз, бұл туралы да айту маңызды», – деді ол.

Осы жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде Зәкиева биыл тоғыз айда:

  • балаларға жыныстық қол сұғу фактілері 18 пайыз,
  • өмір бойғы жазаны көздейтін педофилия фактілері 24 пайыз азайғанын айтты.

«Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы – қабылданған шаралардың тиімді екенін көрсетіп отыр. Алайда әр статистикалық көрсеткіштің артында – бір баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш-жігерімізді салу. Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударамыз. Барлық өңірлерде психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы және біртұтас профилактикалық бағдарламаның енгізілуі жағдайды тұрақтандыра бастады», – деді ол.

Зәкиеваның айтуынша, осы шаралардың арқасында кейінгі он жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид айтарлықтай азайған.

«Дегенмен, алда әлі көп әрі мұқият атқарылуы тиіс жұмыстар тұр. Негізгі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақытылы анықтап, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету керек. Балалар арасындағы суицидтің 60 пайызы – отбасындағы қиын қарым-қатынасқа байланысты. Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өмірін қияр алдында жазып кететін хаттар мен хабарламаларға сүйенсек, өз отбасында жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді. Балаға ең керегі – махаббат пен қамқорлық. Бала әрқашан жалғыз емес екенін, қандай жағдай болмасын отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі керек», – деп түйіндеді Зәкиева.

Серіктес жаңалықтары