Батыс Қазақстан облысында су және электр желілері жаңартылып жатыр
Инфрақұрылымды жаңарту арқылы өңір халқының тұрмыс сапасын арттыру көзделген

Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту қарқын алды. Ескірген су және электр желілері кезең-кезеңімен жөнделіп, жаңа жобалар іске қосылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелері
Орал қаласының сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 483,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде 292,5 шақырымы (60,5%) тозған. Су бұру желілерінің ұзындығы 377,4 шақырым, соның ішінде 231,3 шақырымы (61,3%) жарамсыз күйде.
2024 жылы «Батыс су арнасы» ЖШС өз қаражаты есебінен 572 млн теңгеге 6,6 шақырым желіге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңгеге 3 су бұру жобасы қаржыландырылды. Оның екеуі толық аяқталып, біреуі 2025 жылға ауыстырылды.
2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. «Батыс су арнасы» өз қаражаты есебінен 592,6 млн теңгеге 5,5 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ сумен жабдықтау бойынша 2 жобаға және су бұру бойынша 1 жобаға Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен жалпы 2,3 млрд теңге бөлінді.
Ең ірі жобалардың қатарында – жалпы құны 9,6 млрд теңге болатын су құбырларын қайта жаңарту және 12,4 млрд теңгеге жер асты сулары кен орнының су жинау құрылыстарын жаңарту жобалары бар.
Электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту
Электр желілерін жаңғырту – облыстағы тағы бір өзекті бағыт. 2024–2025 жылдары жалпы құны 26,4 млрд теңгеге бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның 6,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді.
Өткен жылы Ақжайық шағын ауданындағы 110/10 қосалқы станциясы және Зачаганск ауылындағы өндірістік база жаңартылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ ГТС-54 ауданындағы қосалқы станцияның құрылысы аяқталды, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде, пайдалануға беру жыл соңына жоспарланған. Аймақтық электр тарату кәсіпорны өз қаражаты есебінен 1000 шақырымнан астам электр желісі мен 300-ден астам трансформаторды жөндеді. Жергілікті бюджет қаражатына 1,9 млрд теңгеге арнайы техниканың 58 бірлігі сатып алынды.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 750 млн теңгеге 6 жоба іске асырылып жатыр. «Жылу энергетика жүйесін дамыту» бағдарламасы бойынша ұзындығы 138,1 км болатын 110 кВ әуе желілері қайта құрылуда. Ал Оралдың жаңа шағын аудандарына 31,3 км тарату желілері тартылуда.
Жалпы алғанда, электр желілерін жаңғырту бойынша құны 30,5 млрд теңгені құрайтын 16 жобалық-сметалық құжат дайындалған. Орал жылу электр орталығында №1 станция турбоагрегаты жаңартылып, қуаты 12 МВт-қа артты, нәтижесінде жалпы өндірістік қуаты 58 МВт-қа жетті.
Қорыта айтқанда, Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Апатты және тозығы жеткен үйлерді сүру, жаңа тұрғын үйлер салу, сумен жабдықтау мен электр желілерін жаңарту және лифт жүйесін ауыстыру жобалары облыс халқының тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етпек.