Кеден рәсімдерінің қиындығы тұсау салып отыр: Айдос Сарым кәсіпкерлердің проблемасын көтерді
Айтуынша, 50 күннен бері қоймада жатқан тауарлар бар

Қазақстанда импорттық шикізатты кеденнен өткізу барысындағы жүйелі проблемалар отандық өндіріс пен бизнестің дамуын тежеп отыр. Бұл туралы депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Мәжіліс отырысында көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, кәсіпкерлер шикізатты кеденнен шығарарда ұзаққа созылатын түсініксіз рәсімдерге тап болады. Сараптамалар апталап, тіпті айлап созылып, нақты мерзім белгіленбегендіктен, бизнес шығынға батып отыр.
«Уақыт жоғалтқан сайын, келісімшарт бұзылады, айыппұл салынады, өндіріс тоқтап, өнімнің өзіндік құны қымбаттайды. Кәсіпорындардың беделі мен бәсекеге қабілеттілігіне соққы болып тиеді», – деді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, кедендегі кідірістер, әсіресе, тез бұзылатын тауарлар мен өндіріс үшін стратегиялық маңызы бар шикізатқа үлкен қауіп төндіреді.
Мысал ретінде депутат Шығыс Қазақстан облысындағы «Альприма» ЖШС жағдайын келтірді. Компания 4 тамыздан бері спорттық киім тігуге арналған 3 тонна матаны кеденнен шығара алмай отыр. Салықтар мен алымдар толықтай төленгеніне қарамастан, тауар 50 күннен бері уақытша сақтау қоймасында тұр. Бұл кәсіпорынның келісімшарттарын орындауына және қаржылық жағдайына елеулі қауіп төндірген.
«Шағын бизнес үшін мұндай кешігудің зардабы ауыр. Өйткені олардың айналым қаражаты шектеулі, тапсырыс берушілер төлемді бірнеше айдан кейін жасайды. Ал кеден рәсімдері лототронға айналып отыр. Неге жүктен сынама алып, тауарды жібермеске? Бір күн тоқтаған жұмыс ондаған адамның жалақысына, отбасына, өнімнің құнына әсер етеді», – деді депутат.
Айдос Сарымның пікірінше, бұл жағдай мемлекет басшысының жуырдағы жолдауында айтылған шағын және орта бизнесті қолдау, кедендік рәсімдерді жеңілдету және цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыру жөніндегі тапсырмаларына қайшы келіп отыр.
Сондықтан депутат Қаржы министрлігінен импорттық шикізатты кеденнен өткізу механизмін жеңілдету және кәсіпорындарға жедел қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жүйелі шара қабылдауды талап етті.