Интернет-дүкеннен алған тауар клиент оны тексеріп алған соң ғана «сатып алынған» болып есептеледі
Марткеплейстер арнайы батырма енгізеді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасында электронды саудаға қатысты қандай маңызды өзгеріс болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаттары электронды сауданы толық реттеуді көздеп отыр.
«Қазір бұл салаға алаяқтар көп кіріп кеткен, адамдар тауардың суретін көріп, ақысын төлейді, бірақ оларға тауар мүлдем келмей қалады немесе сапасыз, басқа фирманың өнімі келеді. Енді біз жаңа заңда тауарды жеткізу мен оны қабылдап алуды бөліп отырмыз. Яғни мен тауардың ақшасын төлегеннен кейін ол маған жеткізіледі, бірақ мен оны ашып, қарап, оны қабылдаған соң ғана менің меншігім деп саналады. Яғни тауарды жеткізген кезде емес, қабылдаған кезде ғана оны сатып алған болып есептелемін. Осылайша біз тұтынушыларды алданып қалудан қорғаймыз», деді Әбенов Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, маркетплейстер мұндай өзгеріспен келіскен.
«Маркетплейстер арнайы батырма енгізуге уәде берді, ол арқылы тауардың маған сатылғаны және менің оны қабылдағаным тіркеледі. Яғни біз тауарды қабылдау мен оны жеткізуді бөліп отырмыз», - деп түсіндірді мәжілісмен.
Бұл нормалар Қазақстанда салық төлейтін маркетплейстердің бәріне қатысты болады.
«Біз осылай келістік. Қазірдің өзінде көп компания елімізде салық төлейді. Егер компания бізде салық төлесе, демек, олар бізде табыс тауып отыр деген сөз, сондықтан заңды да орындауға тиіс», - деді ол.
Заң жобасы жақын арада екінші оқылымға шығады.