«Бизнестің жол картасы» аясындағы 1,4 млрд теңгенің 30 пайызы жұмыс істемейтін кәсіпорындарға кеткен - депутат
Ол есеп бермеген немесе күмән тудырған жобалар бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды

Қазақстанда соңғы жылдары қайтарымсыз гранттар мен субсидиялар енгізілгенімен, олардың тиімділігі алаңдатыр отыр. Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы есебіне сәйкес, бөлінген 1,8 млрд теңгенің 40 пайызы бойынша есеп берілмеген, ал 700 млн теңгенің жұмсалуы күмәнді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантай Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында айтты.
Депутаттың сөзінше, 2024 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 12,7 млрд теңге грант берілді, бірақ алғандардың басым бөлігі мал шаруашылығына қаржы жұмсаса да, нарықтағы ет пен сүт бағасы қымбаттап тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұған қоса, 2022 жылы грант алғандардың 50 пайыздан астамы кәсіпкерлікті тоқтатқан, ал декларация тапсырғандар – небәрі 16,6 пайыз. 2023 жылы да жағдай қайталанып, 9,1 мың адамның 32 пайызы көп ұзамай бастаған кәсібін тоқтатқан», - деді ол.
Жарқынбек Амантай осы орайда әлем елдерінің тәжірибесін мысалға келтіріп, Президенттің биылғы Жолдауында да кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеру үшін жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, бизнес-процестерді цифрландыру туралы бастамаларын еске салып өтті.
«Шетелде шағын және орта бизнеске қолдау нақты нәтижеге, есептілік пен тиімділікке негізделген. Мәселен, Оңтүстік Кореяда гранттармен қатар менторлық және нарыққа шығуға қолдау жүйесі дамыған, Германияда гранттан кейін тәуелсіз бағалау жүргізіледі, Ұлыбританияда қаржы кезең-кезеңімен, нәтижеге қарай беріледі», - деді ол.
Депутаттың сөзінше, «Бизнестің жол картасы» аясында бөлінген 1,4 млрд теңгенің 30 пайызы жұмыс істемейтін кәсіпорындарға кеткен. 2023 жылы 2,3 млрд теңге күмәнді жобаларға жұмсалған.
«Бұл – мониторинг пен жауапкершілік әлсіз екенін айғақтайды. Нәтижесінде, бюджет қаражаты ұзақмерзімді тиімділікке жеткізбей, кәсіпкерлік қолдауға деген қоғамдық сенім төмендеуде. Шынайы бизнес-идеясы бар азаматтар тыс қалып, әділеттілік қағидаты бұзылып отыр. Мұндай жүйелі кемшілікті назардан тыс қалдыру – экономикалық саясаттың пәрменділігіне тікелей нұқсан келтіреді», - деді ол.
Мәжіліс депутаты аталған мәселеге байланысты ұсыныстарын ортаға салды.
«Есеп бермеген немесе күмән тудырған жобалар бойынша нақты шаралар қабылдау керек; болашақта мұндай жағдайды болдырмау үшін жүйелі реформалар жүргізіп, бақылау тетіктері енгізу маңызды. Бизнес жобаларға бөлінетін қаржының тиімділігі мен нәтижелілігі бағалап, мемлекеттен қаржы алған кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмыстарын тиімді жүргізу керек», - деді ол.