$ 549.06  644.87  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«53 млрд теңге игеріледі»: Батыс Қазақстан облысында газ-химия кешені салынып жатыр

Өңірде 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды

«53 млрд теңге игеріледі»: Батыс Қазақстан облысында газ-химия кешені салынып жатыр
Фото: iStockphoto.com

Батыс Қазақстан облысы ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы экономикалық дамудың жаңа кезеңіне шықты. Өңірде өнеркәсіп, химия, логистика және туризм сияқты салалар қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа кәсіпорындар ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлкен септігін тигізіп отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі бастамалар қатарында Ақсай қаласында екі қонақ үй салу жобасы бар. Бұл өңірдің туризм әлеуетін арттырып, қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтереді. Сонымен бірге «Синтез Урал» ЖШС химиялық қоспа өнімдерін өндіретін зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс құрылыс материалдарының сапасын жақсартып, импорттық тәуелділікті азайтады. «Бриг Compani» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге ден қойса, «БилгилиГруп» ЖШС тұрмыстық және өнеркәсіптік химия өнімдерін шығару арқылы ішкі нарықты қамтамасыз етуге үлес қосады.

Аймақ экономикасын алға сүйрейтін негізгі драйвер стратегиялық маңызы бар ірі жобалар екені анық. Солардың ең ауқымдысы – құны 1,5 трлн теңгеден асатын Сатимола кен орнында калий тыңайтқыштарын өндіру кешенінің құрылысы болып отыр. Құрылыс толық аяқталған соң, өңірде 4900-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл кешен тек облысқа ғана емес, бүкіл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне тың серпін бермек. Жобаның толық іске қосылуы 2034 жылға жоспарланғанымен инфрақұрылымды тарту жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнын игеріп отырған негізгі оператор ҚПО б.в. компаниясы да кен орнын кеңейту бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізуде. Қазіргі кезде алтыншы компрессордың құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бастама өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтеді. Жоба 2029 жылы толық аяқталмақ.

Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «ZhaikPetroleumLTD» ЖШС-нің газ-химия кешені. Мұнда сұйық метанол өндіру жоспарланған. Құны 78,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның ішінде 58 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың шілде айында басталып, биылдың өзінде 53 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысында инвестиция тарту және инвесторларға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жиналып, жобалардың орындалу барысын қадағалайды. 2025 жылы осындай тоғыз отырыс өткізілді. Әр жиында инвесторлар үшін өзекті мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Бұл тәсілдің арқасында өңірде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптасып келеді.

Айта кету керек, былтырғы жыл да Батыс Қазақстан облысы үшін табысты болды. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жоспардағы 689,3 млрд теңгенің орнына 712,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 4,7 пайызды құраған еді. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де жоспарланған 1,2 млрд АҚШ долларынан артып, 1,9 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл халықаралық инвесторлардың аймаққа деген сенімінің күшейгенін айқын көрсетті.

2024 жылы іске асырылған ірі жобалардың ішінде Қарашығанақ кен орнын кеңейту аясында бесінші компрессорды орнату, Бөрлі ауданында мұнай өнімдерін сақтайтын резервуарлар паркін салу, Орал қаласында кірпіш зауытын ашу сияқты бастамалар бар. Сонымен бірге мұнай-газ секторы үшін жабдық шығаратын өндіріс орны, минералды су өндіретін зауыт, логистикалық орталықтар іске қосылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Осылайша Батыс Қазақстан облысы жаңа даму кезеңіне шықты. Жоспарланған жобалардың көлемі мен стратегиялық бастамалардың ауқымы өңірдің экономикалық болашағының зор екенін көрсетеді. Мемлекет басшысының берген тапсырмалары Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалармен өзара қабысып жатыр. Сондықтан инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы табанды жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қарқын сақталса, облыс Қазақстандағы ғана емес, бүкіл өңірдегі инвестициялық орталықтардың біріне айналмақ.

Серіктес жаңалықтары