Мәжіліс Жұлдыз Сүлейменованың өкілеттігін тоқтатты
Экс-депутат жуырда жаңа қызметке тағайындалған

Парламент Мәжілісі депутат Жұлдыз Сүлейменованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов жақында депутат Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалғанын еске салды.
«Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», - деді ол.
Депутаттар қаулыны бірауыздан қолдап дауыс берді. Осыйлайша Жұлдыз Сүлейменованың өкілеттігі тоқтады.
«Жұлдыз Досбергенқызының Мәжіліс қабырғасында атқарған белсенді депутаттық қызметі үшін алғыс білдіріп қояйық. Тағайындалған жауапты қызметінде үлкен абыроймен қызмет атқарсын деп тілек айтайық», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Естеріңізге салайық, жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйіс жасады. Мәжіліс депутаты болған Жұлдыз Сүлейменова Ғани Бейсембаевтың орнына оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалды.