Әлі түпкілікті шешім қабылданған жоқ – Сәтқалиев екінші АЭС-ті салатын компания туралы
Бірінші АЭС те Алматы облысында орналасады

Екінші атом электр станциясы да Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәтқалиев елімізде атом электр станциясын салуға арналған екінші перспективалы алаң анықталғанын атап өтті.
«Ол – Алматы облысының Жамбыл ауданы. Яғни екінші станция да еліміздің оңтүстігінде орналасады, себебі сіздер білесіздер, оңтүстік аймақ электр энергиясы тапшылығын сезініп отыр. Қазір бұл аймаққа электр энергиясы солтүстіктен оңтүстікке транзит арқылы жеткізіледі. Сондықтан жаңа станция энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді», - деді ол Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, қазір барлық қатысушымен келіссөз жүріп жатыр.
«Яғни Қытай Халық Республикасының CNNC компаниясын таңдау туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бірақ біз әрқашан CNNC компаниясын атом станциясын салуға басым мердігер ретінде қарастыратынымызды айтып келеміз. Өйткені олар бірінші АЭС құрылысына қатысу барысында тиімді ұсыныстар жасаған болатын. Мердігердің жұмысына, техникалық шешімдерге, қазақстандықтардың белгілі бір вендорға деген көзқарасына қатысты барлық мәселе шешім қабылдау кезінде толық ескеріледі. Яғни әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ», - деді агенттік төрағасы.
Айта кетері, еліміздегі алғашқы АЭС те Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады.