Жедел жәрдем қызметкерлеріне үстемақы төлеу үшін бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген

Бүгінге дейін 11 823 қызметкер қосымша үстемеақы алған

Жедел жәрдем қызметкерлеріне үстемақы төлеу үшін бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген

Мамыр айында жұмыс істеген жедел жәрдем қызметкерлерін ынталандыру үшін үкімет 2 млрд теңге жұмсаған. Бұл туралы бүгін Шұғыл медицинаны үйлестіру ұлттық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов мәлім етті.

2 млрд теңгені көмекке ілінген 11 823 қызметкерге бөлсек, әрқайсысы жалақысының үстіне шамамен 169 мың теңге үстемеқы алғаны белгілі болып отыр.

«Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында коронавируспен күрес аясында эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау үшін жедел медициналық көмек қызметкерлеріне қосымша төлемдер беріледі. Осы жылдың мамыр айында жедел медициналық көмектің 11 823 қызметкеріне 2 млрд теңгеден астам қосымша төлемақы берілді», - деп хабарлады Жүсіпова.

Бауыржан Жүсіпов ұсынған статистикаға сенсек, Қазақстандағы жедел медициналық көмек 18 дербес станциядан, 87 қалалық жедел жәрдем станциясы мен 288 аудандық жедел медициналық көмек көрсету бөлімшесінен құралған. Республика бойынша күн сайын шамамен 1400 бригада көмекке шығады. Елімізде жедел жәрдемде жұмыс істейтін қызметкерлердің 23%-ы мамандандырылған дәрігерлер бригадасы болса, 77%-ы – фельдшерлер. Еліміз бойынша жедел жәрдем көліктерінің саны сұраныстың 97%-ды құрайды, яғни ел бойынша 1967 жедел жәрдем көлігі бар екені хабарланып отыр. Тапшылықты жою үшін өңірлерде былтыр 293 көлік алынған. Биыл тағы да 807 көлік алмаса, тапшылық жойылмайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.