«Ұстазға алғыс!»: апталық аясында министрлік 120 мұғалімге құрмет көрсетті
Апталық 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді

Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтердің қоғамдағы беделін арттыру бағытында жаңа бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – «Ұстазға алғыс!» апталығы, деп жазады Azattyq Rýhy.
Осыған орай министрлік қызметкерлері өздері білім алған ұстаздарды елордаға арнайы шақырып, мерекелік жиын ұйымдастырды.
Жиынға еліміздің барлық өңірінен 120-ға жуық мұғалім келді. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова педагогтарды Ұстаздар күнімен құттықтап, алғыс білдірді.
«Ұстазға алғыс!» апталығы – бұл ұстаздарымызға деген ризашылық пен құрметтің жарқын көрінісі. Біз ұстаздардың еңбегін әрқашан жоғары бағалаймыз», – деді вице-министр.
Апталық 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп жатыр. Министрлік барлық мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарын өз ұстаздарына алғыс білдіруге, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыруға шақырды.
Бүгінде еліміздегі 22 мыңнан астам білім беру ұйымында шамамен 600 мың педагог 6 миллионға жуық оқушыға білім беріп жүр.