«Ақысы 1990 теңге»: енді ХҚКО қызметкерлері дайын құжаттарды үйге жеткізіп бере алады
Ірі қалалардағы қызмет құны – 1990 теңге

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайын құжаттарды қажетті мекенжайға дейін жеткізу қызметін енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, қызмет ақылы болады. Ол үшін азамат ХҚКО-на барып, өтініш тастап кетуі керек.
«Қызмет құны: Астана, Алматы және Шымкент қалаларында – 1990 теңге, ал облыстарда – 1000 теңге. Азаматтар бөлімшеге келген кезде жеткізу қызметіне тапсырып беріп, банк қосымшасы арқылы немесе QR-кодпен төлем жасай алады», - деп хабарлайды корпорация.
Әзірге қазақстандықтар туу туралы куәлікті, некені бұзу куәлігін алу, туу, некеге тұру, ажырасу, қайтыс болу туралы қайталама куәліктер мен архивтік анықтамаларды, білім туралы құжаттардың дубликаттарын, азаматтық хал актілерінің жазбалары сияқты құжаттарды үйіне дейін жеткізіп беруге өтініш бере алады.
Айта кетері, бұл сервисті қызмет көрсету орталығына барып, құжатқа өтініш бергеннен кейін ғана рәсімдеуге болады.