$ 549.06  644.87  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада «Astaufest-2025» VI Халықаралық фестиваль ашылды

Жиынның Жұмысшы мамандықтар жылымен тұспа-тұс келуі оның маңызын арттыра түсті 

Астанада «Astaufest-2025» VI Халықаралық фестиваль ашылды
Фото: Azattyq Rýhy

Бүгін елордадағы Hotel Hilton Astana қонақ үйінде VI Халықаралық гастрономиялық фестиваль «Astaufest-2025» ресми түрде ашылды. Үш күнге жалғасатын ауқымды шара Астанадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі, Құзыреттілік орталығы, Аспаздық студия және жаңа Кондитерлік академия базасында өтпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фестивальде жыл сайын тамақтандыру саласындағы кәсіби мамандар басын қосып, тәжірибе алмасады. Биылғы кезекті шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылымен тұспа-тұс келіп, қолданбалы кәсіптердің қоғамдағы беделін арттыра түсті. Астанада үш күн бойы аспаздар, кондитерлер мен бармендер жарыстары, халықаралық сарапшылардың мастер-кластары мен тренингтері, сондай-ақ нетворкингке арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Биыл фестивальге 20-дан астам елден мыңға жуық қатысушы жиналды, олардың қатарында студенттер, оқытушылар, өндірістік шеберлер мен танымал кулинарлық мамандар бар.

Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова фестивальдің ерекшелігіне тоқталып, оның кәсіби білім беру жүйесін халықаралық деңгейге шығарудағы рөлін атап өтті.

«Алғашында аз ғана адамның басын біріктірген бұл шара бүгінде бірнеше елді қамтитын үлкен алаңға айналды. Қазірдің өзінде Қазақстан колледждері 50 елмен меморандумға қол қойып, халықаралық стандарттарға сәйкес мамандар даярлауға кірісті. 80-ге жуық студент шетелде тағылымдамадан өтіп жүр, 200-ден астам педагог 30 елде тәлімгерлік бағдарламалардан өтті», - деді Ақзира Қасымова.

Ол сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыру қажет екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда кәсіби-техникалық білім тек жұмысшы кадрларын даярлау емес, елдің экономикалық өсіміне тікелей ықпал ететін факторға айналып отыр. Студенттер халықаралық жарыстарға қатысып, медальдар әкеліп жүр. Бұл Қазақстан колледждерінің әлеуетін көрсететін маңызды көрсеткіш болып саналады», - деді ол.

Фестиваль аясында Швейцариядан келген қонақ, Global Swiss Learning компаниясының өкілі Микеле Корби де кәсіби білім берудің құндылығына тоқталды.

«Интернационалдық аккредитация дегеніміз, ең алдымен, студенттерге, олардың қабілеттеріне және колледждің сапалы білім беруіне деген сенім. Жұмыс берушілерге түлектердің жұмысқа бірінші күннен бастап дайын болуы маңызды. Швейцарияда мектеп бітірушілердің үштен екісі кәсіби білімге алуға барады. Университеттер саны аз болса да, ел инновация бойынша әлемде бірінші орында. Бұл – кәсіби оқытудың деңгейін нақты көрсетіп отыр, - деді ол.

Корби Қазақстандағы заманауи асүйлер мен зертханаларды оң бағалап, қазіргі негізгі мәселе болып отырған жағдай - оқытушыларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету екенін айтты. Оның сөзінше, Global Swiss Learning компаниясы Швейцариядағы үш жылдық оқу бағдарламаларын цифрландырып, әлемнің кез келген жерінен қолжетімді етуге кіріскен. Бұл бастама студенттерге өз елінде отырып-ақ, швейцариялық стандартқа сәйкес білім алуға мүмкіндік береді.

Фестивальге қатысқан Қазақстандағы Түркия Елшілігінің консулы Өмер Инан да өз пікірін білдірді.

«2020 жылдан бері Анталиядағы Туризм колледжі Қазақстан колледждерімен бірлесіп, студенттердің академиялық ұтқырлығын жүзеге асырып келеді. Бұл әріптестік жастардың кәсіби дамуына елеулі үлес қосты. Қазақстанда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл колледждерге жұмыс берушілермен бірлесе жұмыс істеуге жол ашады. Түркияда да кәсіби білімге баса мән беріледі. Президент Режеп Тайып Ердоған «Әркімнің мамандығы болуы тиіс» деген ұранмен заң қабылдап, оның негізінде жұмыс берушілерге білікті кадрлар даярлау жолға қойылды, – деді консул.

«Astaufest-2025» соңында Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі базасында Кондитерлік Академияның ашылуы өтеді.

Серіктес жаңалықтары