$ 541.01  640.34  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.09.2025, 16:08
Қоғам

Жұмыс беруші қызметкер туралы мәліметті 75 жыл сақтауға міндетті

Ұйым жабылса, құжаттарды мемлекеттік архивке тапсыруға тиіс

Жұмыс беруші қызметкер туралы мәліметті 75 жыл сақтауға міндетті
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Вера Ким Үкімет мүшелерінен заңды тұлғаларды құжаттарды архивке тапсыруға міндеттеу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, қазір архивтерде қазақстандықтардың әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепіл бола алатын құжаттар қоры сақталған. Алайда жыл сайын Мемлекеттік архивке 300 мыңға жуық түрлі сұраныс түседі. Оның 36 пайызы қажетті деректердің жоқтығына немесе толық еместігіне байланысты жауапсыз қалады.

«Бұл азаматтардың сұранысын қанағаттандырмайды және оларды сотқа жүгінуге мәжбүрлейді. Бірінші кезекте бұл жағдай көптеген таратылған ұйымдардың өз қызметкерлерінің ісін толық немесе мүлде архивке өткізбейтінімен байланысты. Осындай салғырттықтың салдарынан адамдар өз құқықтарын жүзеге асыра алмайды, әсіресе зейнетақы рәсімдеу кезінде еңбек өтілін растай алмай қиналады. Осыған байланысты менің екі сұрағым бар. Бүгінде заңды тұлғаларды құжаттарды міндетті түрде архивке тапсыруға міндеттеу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл қалай бақыланады және оны кім қадағалайды? Егер жұмыс беруші қызметкерлер туралы мәліметтерді архивке өткізбесе, азамат өз еңбек өтілін қалай дәлелдей алады және өз құқықтарын қалай қорғай алады?», - деп сұрады депутат.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қазір жұмыс берушіге қызметкерлер туралы құжаттарды сақтауға міндеттейтін заңнамалық шаралар бар.

«Ережеге сәйкес, олар 75 жыл бойы сақталуы тиіс. Ұйым таратылған жағдайда материалдар мемлекеттік архивке өткізілуге міндетті. Ал қайта құрылса, барлық құжат құқықтық мирасқорға беріледі. Құжаттарды тиісінше сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік, яғни айыппұл салынады. Құжаттар жоғалған жағдайда қылмыстық жауапкершілік те бар, кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін», - деді ол.

Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин еңбек өтілі туралы деректерін архивтен таппаған қазақстандықтар не істеуі керек екенін түсіндірді.

«Иә, расында, қазір зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растау қажет. Ол еңбек кітапшалары арқылы дәлелденеді. Егер еңбек кітапшасында еңбек өтілі көрсетілмесе немесе өшіріліп қалса, архивтік анықтама сұратылады. Бүгінгі таңда «Е-Макет» ақпараттық жүйелерінің интеграциясы жүргізілді. 1 қазаннан бастап жүйеден автоматты түрде сұраныс жіберілетін тетік іске қосылады. Егер архивтегі деректер цифрланған болса, біз оларды бірден аламыз. Ал егер цифрланбаған болса, ақпаратты өңдеу мен жүйеге енгізу үшін 15 күнге дейінгі мерзім қарастырылған. Архив еңбек өтілі туралы мәліметті растамаса, сотқа жүгіну қажет болады, ол үшін еңбек өтілін дәлелдейтін екі куәгерді әкелу керек», - деді вице-министр.

Серіктес жаңалықтары