$ 541.01  640.34  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясындағы диалог алаңында жасанды интеллект мәселесі талқыланды

Жасанды интеллектіні қолдану кезінде деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын қорғау және этикалық нормаларды сақтау мәселелері көтерілді

«AMANAT» партиясындағы диалог алаңында жасанды интеллект мәселесі талқыланды
Фото: Azattyq Rýhy

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Шарада цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту және оны қауіпсіз енгізу мәселелері талқыланды.

Кездесуге ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева, 7Generation Group бас директоры, кәсіпкер Даурен Төлебаев, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев және басқа да сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вице-министр Дмитрий Мун еліміздің толық цифрлық мемлекетке көшу жоспарын түсіндірді.

«Біздің мақсатымыз – әрбір азамат кез келген уақытта, кез келген жерде мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алуын қаматамсыз ету болып отыр. Қазір біз мемлекеттік органдардың 40 мыңнан астам функциясын қайта қарап, артық бюрократияны алып тастап жатырмыз. Бұл процесте жасанды интеллект пен цифрлық ассистенттердің рөлі зор. Мемлекеттік қызметші уақытын қағазбастылыққа емес, нақты мәселелерді шешуге жұмсауы тиіс», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы бес жылда әлеуметтік салада белсенді реинжиниринг жүріп, жаңа проактивті қызметтер енген. Оның ішінде бала туу, көшу, атаулы әлеуметтік көмек алу сияқты қызметтер толық цифрландырылған.

«Біз бейберекет цифрландырудан жүйелі цифрлық трансформацияға көшуіміз керек. Президент тапсырмасы бойынша 2024 жылдың соңына дейін барлық министрліктерде цифрлық трансформация карталары жасалып, нақты мақсат-міндеттер белгіленді», – деді Дмитрий Мун.

Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева заңнамалық қырын түсіндірді.

«Біз жасанды интеллектіні енгізуде теңгерім сақтауға тиіспіз. Азаматтардың құқықтары мен деректерінің қауіпсіздігі қорғалуы қажет, бірақ сонымен қатар технологиялық дамудан қалыспауымыз керек. Жаңа заң жобасында ЖИ шешімдерін қайта қарау міндетті түрде адамның қатысуымен іске асырылады. Бұл азаматтардың құқығын қорғаудың басты тетігі», - деді ол.

Депутат сонымен қатар авторлық құқық, деректердің құпиялығы және ЖИ шешімдерінің жауапкершілігі туралы нормаларға тоқталды.

«Қандай салада қолданылса да, жасанды интеллект қабылдаған шешім үшін жауапкершілік адамда қалады. Мысалы, медицинада – дәрігер, жол қозғалысында – инспектор жауап береді. Бұл принцип әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді», - деді ол.

Кәсіпкер Даурен Төлебаев жасанды интеллектіні бизнесте қолдану тәжірибесін бөлісті. Оның айтуынша, ЖИ телеком және банктік деректерді өңдеуде алаяқтықпен күресуге тиімді құрал болып отыр.

«Бұрын мұндай деректерді талдау үшін мыңдаған қызметкер қажет еді. Қазір ЖИ арқылы 30 секундта шешім қабылдаймыз. Бұл тек бизнеске емес, азаматтардың қауіпсіздігіне де оң әсер етеді. Өйткені қазірдің өзінде қазақстандықтар жыл сайын ондаған миллиард теңгеден айырылып отыр. Мұны тоқтатуға мүмкіндік бар», -деді ол.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев  цифрлық технологиялардың дамуында қазақстандық ІТ-мамандардың әлеуетін арттыруға назар аударды.

«Біз әрқашан өз таланттарымызға сеніп, жағдай жасадық. 2017 жылы алғашқы акселераторды іске қосқанда көңілде күдік болды, бірақ бүгінде IT-экспорт 5 жылда 20 есе өсіп, 1 млрд долларға жетті. Жыл сайын шамамен 50% өсім байқалады. Қазан айында Digital Bridge аясында әлемде теңдесі жоқ Жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұл жобаның сұранысқа ие болатынына сенеміз. Қазір стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі басталды. Astana Hub миссиясы - оларды қолдап, табысқа жетуіне жол ашу. Барлық кәсіпкерлерді жасанды интеллект бағытында стартаптар ашуға шақырамыз», - деді ол.

Отырыстың соңында қатысушылар Қазақстанда цифрлық трансформацияны жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыру, қағазбастылықты жою және жасанды интеллектіні енгізу арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, жасанды интеллектіні қолдану кезінде деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын қорғау және этикалық нормаларды сақтау мәселелері көтерілді. Сарапшылар жаңа технологиялар енгізілгенімен, түпкілікті шешім қабылдауда адам факторының рөлі сақталуы тиіс екенін жеткізді.

Кәсіпкерлер жасанды интеллектіні пайдалану тәжірибелерімен бөлісіп, оның алаяқтықпен күрес, бизнес-процестерді жеделдету және тиімділікті арттырудағы мүмкіндіктерін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары