«Әрқашан жаныңыздамыз» – Елбасының атына саулық тілеген мыңдаған тілек түсіп жатыр
Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырып алғаны 18 маусымда хабарланды
Кеше Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырғаны туралы хабар халықты бей-жай қалдырмады. Алыс-жақын шет елдерден хал сұраған хаттар әлі де келіп жатыр. Баспасөз хатшысы «алаңдауға негіз жоқ» екенін жеткізсе де, ел азаматтары алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желіде Елбасыға денсаулық тілеп жатты.
Ресей Президенті Владимир Путин өз жеделхатында қиын сәтте қолдау білдіргісі келетінін айтты.
«Сіздің ерекше өмірлік энергияңыз, сергектік және оптимистік көзқарасыңыз вирусты қысқа мерзімде жеңуге көмектеседі деп сенемін. Шын жүректен Сіздің сауығып кетуіңізді және ұзақ жылға денсаулық тілеймін», - деп жазды Ресей Президенті.
Бүгін Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев телеграмма жолдап, Назарбаев сауыққан соң тағы бір кездесуге асық екенін жеткізген. Оны сыйлайтынын, әрқашан қолдауға дайын екенін айтқан.
Ал Қырғыз Республикасының басшысы Сооронбай Жээнбеков дереу телефон соғып, жағдайын білді.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өз жеделхатында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген.
«Сырқаттанып қалғаныңызды өкінішпен естідім. Алладан шипа беруін тілеймін. Үнемі жеңіспен еңсерген күрестердегі сынды, бұл сынақты да жігеріңізбен артқа тастайтыныңызға кәміл сенемін. Қандай да бір қажеттілік туындаған жағдайда, қолымыздағы барлық мүмкіндігімізбен жаныңызда екенімізді жеткізгім келеді. Сізге деген терең құрмет пен сүйіспеншілік сезімімен жеке өзім және барша түрік халқы атынан тезірек сауығып кетуіңізді шын жүректен тілеймін», - делінген жеделхатта.
Еліміздің зиялы қауым өкілдері де шет қалмай, алаңдаушылық танытып, ашық хат жазды. Тез айығатынына сенім білдірді.
«Халқымның табанына батқан тікен менің маңдайыма тисін» деген ізгі ниетіңіз бен қажырлы еңбегіңізді ел-жұрт жақсы біледі. Сондықтан елін, жерін сүйген, ұлтының қамын ойлаған арда азаматтың денсаулығына алаңдаған, оның аман-саулығын тілеген халықта есеп жоқ. Сіз саналы ғұмырыңызда салауатты өмір салтын ұстануды, денсаулықты күтудің өнегелі үлгісін көрсетіп келесіз. Рухыңыздың мықтылығымен, қайраткерлігіңіз бен жігеріңіздің арқасында бұл дертті де еңсеріп шығатыныңызға кәміл сенеміз. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасыңызды ел болып атап өтіп, тоқсанның торқалы тойын көре бергейсіз. Өзіңізге тек зор денсаулық, амандық тілейміз», - деп жазды Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтан Оразалин, Ғарифолла Есім, Қонысбай Әбіл, Жандарбек Мәлібеков бастаған интеллигенция өкілдері.
Алматыдан Халық әртісі, 90-нан асқан Бибігүл Төлегенова видеожолдау жасап, «шыққан соң жуамыз» деп әзілдеп, жанашырлық танытты.
«Тез жазылыңыз, Нұреке. Сіздің қалжыңыңызды, қалжыңбас екеніңізді білемін. Сондықтан сізбен сондай қалжың ретінде айтып жатырмын. Деніңіз сау болсын, өміріңіз ұзақ болсын! Ешкімге осындай ауру жақын келмесін», - деді Бибігүл Төлегенова.
Тек өнер өкілдері емес, спортшылар да Елбасына денсаулық тіледі. Ауыр атлет Илья Ильин, жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин әлеуметтік желідегі парақшаларында Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге екендерін жеткізді.
Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясы мен Qazaq kuresi ассоциациясы қолдау танытып, бірлескен хат жолдады. Елбасының салауатты өмір салтын ұстануды ұдайы насихаттайтынын, ерік-күшінің мықты екенін атап өтті.
Түрлі еңбек ұжымдарынан да Тұңғыш Президенттің тезірек жазылуын тілеген хаттар толассыз келіп жатыр. Атап айтқанда, мыңдаған қызметкері бар ERG компаниялар тобы, Қарағанды облысының шахтерлері мен металлургтері, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ұжымы, Әділет органдарының қызметкерлері өз сайттарында хаттар жариялады.
Jysan компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы – Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу да тілектестік танытты.
«Қазақстан халқын талай қиындықтан алып шыққан және бір шаңырақ астына жинаған сіздің қайсар болмысыңыз бен күш-жігеріңіз бұл сынақты да оңай еңсеруге көмектеседі деген сенімдеміз. Шын көңілден деніңізге саулық, қажымас күш-қуат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Біз сізбен біргеміз, халқыңыз сізбен қашан да бірге!», - делінген оның хатында.
Әлеуметтік желілерде де жекелеген адамдар, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділері Елбасының сауығып кетуіне ниеттестік танытуда.