Қазақстанда 5 айда 33 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға берілді
Оның 14 209-і – жеке үйлер
2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республика бойынша жалпы ауданы 4,1 млн шаршы метр немесе 33 479 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 14 209-і – жеке үйлер. Аталған кезеңде жекеменшік есебінен жалпы ауданы 3,8 млн шаршы метр баспана салынды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2020 жылғы 1 маусымға дейін қаржыландырудың барлық көздерінен тұрғын үй құрылысына 525,4 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл – 2019 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 120,6%.
«Тұрғын үйді іске қосу бойынша Түркістан (131,2%), Қарағанды (124,9%) Шығыс Қазақстан (114,3%), Батыс Қазақстан (111,9%), Жамбыл (108,7%), Солтүстік Қазақстан (108%), Қостанай (107,9%) облыстары алда келеді», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша осы кезеңде 28 мың шаршы метр немесе 507 жалға берілетін тұрғын үй пәтер пайдалануға берілді.