«Болашақ» стипендиясына кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды – Тоқаев
Енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары осы бағдарламамен шетелде оқи алады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» халықаралық стипендиясына кездейсоқ адамдарды емес, нағыз қабілетті әрі дарынды балаларды іріктеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл ретте «Болашақ» халықаралық стипендиясы тиімді рөл атқарып жатыр. Жоба аясында мыңдаған жас азамат әлемнің озық университеттері мен зерттеу орталықтарында білім алды. Бүгінде олардың көбі елімізді өркендетуге мол үлес қосуда. Алдымызда тұрған міндет – осы стипендияға нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу. Кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды», - деді мемлекет басшысы Ақордада өткен кездесуде.
Тоқаевтың айтуынша, 2026 жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберіледі. Мемлекет осылайша дарынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көрсетпек.
Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесіп, оқушыларға сыйақы сертификаттарын табыстады.