Атырауда 8 баласы бар 80-дегі қария он жыл жалғыз тұрған: тамаққа ақша таппаған ол балаларын сотқа берді
Сот сегіз баласы мен бір немересінің әрқайсысынан 11 796 теңге өндіру туралы үкім шығарды

Атырау соты сексен жастағы зейнеткердің арызын қарады: өзінен туған сегіз баласы және бір немересі бар қария он жыл бойы жалғыз тұрған, осы аралықта тек бір ұлы ғана ара-тұра хабарласып тұрған екен. Кәрілік жеңіп, хәлі кеткен қария азық-түлік пен дәрі-дәрмекке ақша таппаған соң, сотқа жүгініп, балаларынан алимент өндіріп беруді талап еткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Арызында жазғандай, зейнеткер 10 жылдан астам уақыт жалғыз тұрған. Осы аралықта бір ұлы ғана хабарласып тұрса, қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық, моральдық қолдау көрсетпеген. Зейнеткердің айтуынша, денсаулығы мен материалдық жағдайының нашарлауына байланысты ол туыстарының көмегіне зәру», - деп жазған соттың баспасөз қызметі.
Қазақстанның заңы бойынша, яғни, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Балалары көмектеспесе, олар еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелерінен алимент ала алады.
«Атырау қалалық соты тараптардың әрқайсысының материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасап, талап қоюшының талаптары ішінара қанағаттандырды. Сот зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін 8 баласы мен немересінің әрқайсысынан 3 АЕК мөлшерінде алимент өндірді», - деп хабарлайды сот.
Егер есептесек, Қазақстанда қазір бір АЕК – 3932 теңгеге тең. Яғни, сегіз баласының әрқайсысы әкесіне 11 796 теңге төлеу керек.