$ 536.58  622.75  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Біріккен Ұлттар Ұйымына реформа қажет – сарапшы

Асхат Қасенғали БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сапарының маңызын атады 

Біріккен Ұлттар Ұйымына реформа қажет – сарапшы
Фото: Ақорда

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, ұйымға, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесі мен гуманитарлық бағдарламаларына реформа қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кей жандар БҰҰ-ға реформа жасалмаса, ол Ұлттар Лигасының тағдырын қайталауы мүмкін дейді. Қазақстан да бұл ұйымға өзгеріс керек екенін айтып жүр. Бірақ БҰҰ әлем елдерін біріктіріп отырған басты алаң болып қалуда. Біздің мемлекет үшін ұйымның қуатты болғаны маңызды. Оның жарғысында көрсетілген егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттары қатаң сақталуы тиіс», - деді сарапшы.

Ол БҰҰ-да қабылданған қарарлардың міндетті түрде орындалуын қамтамасыз ететін жүйе қажет екенін атап өтті.

«Бүгін бізге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келді. Алматыда Мемлекет басшысымен кездесіп, жаһандық және аймақтық мәселелерді талқылады. БҰҰ-ға қанша сын айтылса да, ол әлем елдерінің негізгі пікір алмасу алаңы болып отыр. Егер ұйымның барлық бағдарламасы тоқтаса, миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді. Сондықтан бұл ұйым қажет, бірақ оған ішкі реформа жүргізілуі тиіс», - деді Асхат Қасенғали.

Саясаттанушы Гутерриштің сапарының маңыздылығына тоқталды.

«Ол бізге жай келген жоқ. Маңызды сапарға келгенін айтты. Бұл тек қана біз үшін емес, Орталық Азия үшін де маңызды кездесу дейді ол. Президент оның арнайы келгеніне алғыс айтып, былай деді: «Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын» дейді. Президент Гутерриштің UN80 реформалық бастамасына қолдау білдіріп, Қазақстанның көпжақты дипломатия мен ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым ашық екенін айтты», - деді сарапшы.

Сондай-ақ, Гутерриш Қазақстанның бейбіт келіссөздер жүргізудегі рөлін жоғары бағалағанын жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстан өзін мәмілегер ел ретінде танытып отыр.

Асхат Қасенғали Алматыда ашылып жатқан БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орталығының маңыздылығына да тоқталып, оның аймақтық бастамалар мен маңызды шешімдерді жүзеге асыратын алаң болатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары