Емханадағы медбикелер науқастарды өздері қабылдай бастады
Енді олар науқастарды дәрігерге дейін тексеріп, кезекті азайта алады

Қазақстанда медбикелердің өкілеттігі кеңейіп, олар енді емханаларда науқастарды өз бетінше қабылдай алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі ақпарат таратып отыр. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, мұндай тәжірибе медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Реформа аясында кәсіби дамудың көпдеңгейлі жүйесі енген: кіші мейіргер, жалпы практика мейіргері және кеңейтілген өкілеттігі бар мейіргер.
Осылайша, енді медбикелер дәрігерге дейін тексеріс жүргізіп, пациенттерден сауалнама алып, қауіп тобына жататындарды анықтап, қан қысымын өлшеп, анализдерге, ЭКГ және басқа зерттеулерге жолдама жаза алады. Сондай-ақ олар созылмалы сырқаты бар адамдармен жұмыс істейді – қандағы қант деңгейін бақылауға көмектесіп, дұрыс тамақтану мен асқынулардың алдын алу бойынша кеңес береді.
Алайда медбикелерге қойылған шектеулер де бар: олар дәрігер ретінде диагноз қойып, ем тағайындай алмайды.