Жамбылда кішкентай баланы «шапалақпен» тәрбиелемек болған зейнеткер сотталды
Ол баланың бетінен бірнеше рет шапалақтап жіберген

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында ІІІ топтағы мүгедек зейнеткер кішкентай баланы ұрып-соққаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қылмыстық іс 109-1-бабы 2-бөлігінің тармағы бойынша, яғни, кәмелетке толмаған баланың денсаулығына жеңіл зиян келтірмей, ұрған деген баппен қаралды.
«2025 жылдың сәуірінде Құлан ауылында тұратын зейнеткер кішкентай баланы әдейі ұстап алып, білегінен ұстап, оның бетінен бірнеше рет шапалақтаған. Зейнеткердің кінәсін куәлердің айғақтары, сарапшының қорытындысы және істің басқа да материалдары арқылы дәлелденді», - деп хабарлайды Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық сотының баспасөз қызметі.
Зейнеткер өз кінәсін ішінара мойындап, бұл әрекетті тек тәрбиелік мақсатта жасағанын айтқан және жеңіл жаза тағайындауды өтінген. Алайда, баланың ата-анасы оны кешірмеген.
«Осы баптағы қылмыстық істің жазасы – 100 бен 200 айлық есептік көрсеткіштің арасындағы айыппұл, болмаса, түзеу жұмыстарына жегу, 100-ден 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту болмаса 30-дан 50 тәулік арасында қамау. Сот жаза тағайындар алдында жеңілдететін мән-жай ретінде зейнеткердің кінәсін мойындағанын, ІІІ топтағы мүгедектігін ескерген. Сот зейнеткерді кінәлі деп танып, оған 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде айыппұл салған. Зейнеткер айыппұлды өз еркімен толық өтеген», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.