$ 538.54  628.31  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.07.2025, 11:20
Қоғам

Ветеринар болмаса, мал да көбеймейді, ет те сапасыз болады – маман

Кентбаев ауылдағы ветеринарлардың мәртебесін көтеру қажет деп санайды

Ветеринар болмаса, мал да көбеймейді, ет те сапасыз болады – маман
Фото: istockphoto.com

Бүгін, 10 шілде Қазақстанда – Ветеринария қызметкерлері күні. Осындай айтулы датада өз ісіне адал, тәжірибесі мол маманның еңбегі ерекше құрметке лайық. Соның бірі – қырық жылдан астам уақыт ветеринария саласында жүрген Бақытбек Кентбаев. Семейдің зооветеринарлық институтын «мал дәрігері» мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолының алғашқы он төрт жылын осы қызметке арнайды. Екі мыңыншы жылдардың басында елордаға қоныс аударып, ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты департаментте ветеринар болып еңбек еткен. Кейін ветеринария саласын дамыту мақсатында құрылған комитетте жұмысын жалғастырып, бүгінгі күні Ұлттық референттік орталықтың эпизоотиялық мониторинг бөлімінде өз ісін абыроймен атқарып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мамандыққа жетелеген бала арман

Бақытбек Кентбаевтың ветеринар мамандығын таңдауына бала кезде көргені мен өскен ортасы себеп болған.

«Мал шаруашылығынан алыстаған жоқпыз. Әке-шешеміз де мал бақты. Малға жақын өстік. Ер жете келе жылқыны ерекше жақсы көрдім. Жылқы ауырып қалса, оны емдеп берген ветеринар дәрігерлерге риза болатынмын. Өсе келе сол қызығушылығым мені ветеринарияға алып келді», – деп бастады әңгімесін ол.

Айтуынша, ветеринар болудың ең үлкен артықшылығы – өзің не жеп отырғаныңды, қандай ет тұтынып жүргеніңді жақсы білесің. Базарға барсаң да қандай малдың еті екенін бірден танып, сенімді түрде аласың.

«Әрине, мал дәрігері болып істеген кезімізде басымыздан неше түрлі қызық оқиғалар өтті. Мысалы, шалғай ауылдарға шыққанда талай мәрте жолдан жаңылып, адасып кеткен сәттеріміз аз емес. Кейбір ауылдардың атауы қайталанады ғой. Бірде іссапармен Қостанайдан Арқалыққа шыққанымызда Торғай жақтағы ауылды шатастырып алып, түні бойы таң атқанша жаман жолмен жүргеніміз есімде. Ондайда не ашуланарыңды, не күлеріңді білмейсің. Шаршайсың, бірақ бәрібір қызығы басым. Іссапарда көбіне өзіңе етене таныс малшылармен бірге жүресің. Неше жыл тәжірибе жинағаннан кейін мал ауырса бірден диагноз қойып, қандай күйде екенін аңғарасың. Сол себепті бұл жұмыс қаншалықты қиын болса да, қызығы мен шыжығы қатар жүретін ерекше мамандық», – дейді Кентбаев.

«Ветеринар адамзатты емдейді»

Бақытбек Кентбаевтың пікірінше, ауыл шаруашылығы саласында ветеринардың рөлі қашан да аса маңызды. Егер ветеринар болмаса, мал арасында түрлі індет тарап, ауруға душар болады. Мал қырылса, адам баласы сапалы өнімнен қағылады.

«Ветеринар – нағыз маман. Біз ауырсақ бақсыға емес, дәрігерге барамыз ғой, дәл сол сияқты мал да күтім мен сауатты ем-домды қажет етеді. «Адамзатты ветеринар емдейді» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Себебі ветеринар, ең әуелі, таза өнімнің кепілі. Ветеринариясы мықты жерде малдың өнімділігі жоғары, ауру-сырқаудан аман болады. Сондықтан да бұл саланың орны қашанда бөлек, қадірі ерекше деп білемін», – дейді ветеринар.

Оның айтуынша, елімізде ветеринария саласы біртіндеп болса да, жақсы бағытта дамып келеді. Жетістіктер баршылық, бірақ шешілмеген мәселе де аз емес. Мәселен, кейбір облыстарда ветеринарлар тапшы.

«Дегенмен, қуантарлығы – тәжірибе жинап, өз ісін шынайы ықыласпен атқарып жүрген жастар да  бар. Әсіресе қаладағы зертханаларға жастар көптеп келіп жатыр. Бірақ ауылдағы ветеринарлардың мәртебесін көтеру аса маңызды деп санаймын. Олар да заман талабына сай еңбек етуі үшін ең алдымен жалақысы мен тұрмыстық жағдайы дұрысталуы керек. Баспана мәселесі, жалақысы шешілсе, жұмысқа ынта да артады. Қазір институттарда грант көбірек бөлініп жатыр. Сол гранттарды ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген немесе ата-анасы мал шаруашылығымен айналысатын ауыл балаларына берсе, мүмкін олар ауылда тұрақтап, маман жетіспеушілігі азаяр ма еді?! Әрине, заман өзгеріп жатыр, болашақты болжау қиын. Десе де, ветеринария ауылдан басталады. Сондықтан ауыл маманына көңіл бөлу – бұл саланың дамуына жол ашады», – деп пікір білдірді спикер.

Ет экспортын ұлғайтсақ халықтың тұрмысы да жақсара түседі

Ветеринария саласының тәжірибелі маманы Қазақстанның мал шаруашылығында әлеуеті зор деп санайды. Себебі жеріміз кең, жайылымымыз мол.

«Ата-бабамыздан қалған ата кәсібіміз – мал шаруашылығы қазір де өзекті. Қазір малды асылдандыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұрын екі-үш жасар малдан 100-140 келі ет алсақ, қазір он бес айлық малдың өзі 250-260 келі ет береді. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жем-шөбін дұрыс дайындап, малды асылдандыру ісін тоқтатпасақ, ет экспортын да ұлғайтамыз. Халықтың тұрмысы да жақсара түседі. Оның үстіне қазақ етке үйренген халық қой, сұраныс әрқашан болады», - дейді Кентбаев.

Осы орайда ол мал иелерін малдың есебін дұрыс жүргізуге шақырды.

Жастарға кеңес

«Болашақ ветеринарларға айтар кеңесім – мүмкіндігінше ауылға барып, тәжірибе жинап, еңбек ету керек. Малды аман сақтап, ауру-сырқаудан қорғау – ветеринардың міндеті. Ветеринар болмаса, мал да көбеймейді, өнім де сапасыз болады. Қазір мемлекет тарапынан ветеринария саласына үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Сондықтан ата кәсібіміз – мал шаруашылығын өркендетемін деген жастардың көбірек ветеринарияға бет бұрғаны абзал», – деген Кентбаев ветеринария саласындағы әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық, еңбектеріне жеміс тіледі.

Серіктес жаңалықтары