$ 525.87  614.37  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.07.2025, 12:07
Қоғам

Қала көркі – тазалық: Семейде «Таза Қазақстан» акциясы қарқын алды

Бағдарлама аясында аулаларда асфальт төселіп жатыр

Қала көркі – тазалық: Семейде «Таза Қазақстан» акциясы қарқын алды
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Туған жердің табиғаты мен айналасын таза ұстау – әр азаматтың парызы. Елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осы ұғымды нақты іспен дәлелдеп, табиғатты аялап, қалалар мен ауылдардың көркіне көрік қосып келеді. Бұл бастама тек қоқыс жинау емес, қоршаған ортаны құрметтеудің, ұрпаққа көрікті мекен қалдырудың жарқын үлгісі. Семей қаласында да республикалық акция аясында ауқымды абаттандыру және экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалада ең әуелі ірі көлемдегі қоқысты жинау, жол жиектерін тазалау, тротуарлар мен қоқыс жәшіктерін ретке келтіру, арамшөптерді шабу, тротуар плиткалары мен асфальтбетон жабындысы төселген аумақтар мен жолдарды жуу жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар, көше шамдары орнатылып, ескілері жаңасына ауыстырылды, ал қаланың әр бұрышына әдемі гүлдер мен жас көшеттер отырғызылып, қала ажарын аша түсті.

Бағдарлама аясында ағымдағы және орташа жол жөндеу жұмысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған дейін жөндеу көрмеген бірнеше көшеге алғаш рет асфальт төселіп, қала тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.

Қаланың тарихи-мәдени нысандарын сақтау мақсатында «Asyl Mura» акциясы қолға алынып, маңызды мәдени ескерткіштердің айналасында тазалық жүргізілді. Дәлірек айтқанда, Әлихан Бөкейхан, «Ұстаз бен шәкірт» мүсіндік композициясы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқа да нысандар. Сондай-ақ, Ертіс өзенінің жағалауында тазалық жұмысы ұйымдастырылды, өзен маңындағы жаяу жүргінші жолдары мен демалыс орындары күл-қоқыстан арылып, жасыл желек ретке келтірілді.

Семейліктер экологиялық акцияға белсенді қатысып жүр – еңбек ұжымдары, жастар ұйымдары мен еріктілер қаланың таза әрі көрікті болуына өз үлесін қосуда. «Семей орманы» резервінде жүздеген ағаш көшеті отырғызылып, қала жасыл желекке оранып келеді.

Бүгінде Семей күн санап көркейіп, қала тұрғындары үшін жайлы мекенге айналып жатыр. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жүйелі жұмыс әлі де жалғасады.

Тазалық пен тәртіп бар жерде – береке бар. Семейліктер жұмыла атқарған істің нәтижесінде қала келбеті жаңарып, келер ұрпаққа көрікті де жасыл шаһар мұра болып қалатыны анық.

Серіктес жаңалықтары