Астанада отставкадағы генерал-майор ұсталды
Қазір күдікті қамауда отыр

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы, отставкадағы генерал-майор істі болып жатыр. Бұл туралы бұрынғы Антикордың ресми өкілі Данияр Бегайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы – отставкадағы генерал-майорға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Ол адал кәсіпкердің сенімін асыра пайдаланып, жоғары дәрежелі әскерилердің беделін пайдаланып, оның ақшалай қаражатын аса ірі мөлшерде иемденген. Қылмыс министрліктер мен шетелдік әріптестердің ықпалды өкілдерінің көмегімен Қазақстан аумағындағы әлеуметтік жобаларға инвестициялардан жоғары табыс алу сылтауымен жасалған. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды», - деді Бегайдаров брифингте.
Антикор қызметкерлері отставкадағы генерал-майорды Астанада ұстаған.
Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі, деп атап өтті Бегайдаров.