Мұғалімнің сапасына енді мектеп басшысы да жауап беруі мүмкін – министр бастама көтерді
Министр жеке білім беру ұйымдарының басшыларын педагогтарды жұмысқа қабылдау кезінде сапасына мән беруге міндеттеу керек деп санайды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдеріне қойылатын талаптарды күшейту үшін заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, педагогтардың кәсіби жауапкершілігі ғана емес, сонымен бірге жеке және мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларының да жауапкершілігі артуы тиіс. Ол мұғалімдердің қателіктері үшін тек оларды жұмыстан шығарып, басқа ұйымға ауыстыру жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Мәселе педагогтардың ғана емес, олардың жұмысқа қабылдану сапасын бақыламайтын жеке білім беру ұйымдарының басшыларының да жауапкершілігінде болып отыр. Қазіргі жүйеде олардың барлығын бақылау мүмкін емес, сондықтан заңнамалық тұрғыда бұл жауапкершілікті күшейтуіміз қажет», – деді Ғани Бейсембаев.
Министр жеке білім беру ұйымдарының басшыларын педагогтарды жұмысқа қабылдау кезінде сапасына мән беруге міндеттеу керек деп санайды. Бұл ретте заңнамалық түзетулер енгізу арқылы олардың жауапкершілігін заң жүзінде бекіту ұсынылып отыр.
«Біз заңнамалық түрде білім беру ұйымдарының басшыларының жауапкершілігін белгілейміз. Бұл тек сапаны бақылауды күшейту ғана емес, сонымен бірге бүкіл жүйені тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады министр.