$ 538.03  629.23  6.74
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Балабақшада бүлдіршіндерді ұрып-соғу қашан тоқтайды – Оқу-ағарту министрлігі жауап берді

Биыл республика бойынша тәрбиешілер тарапынан жасалған 38 қатыгездік оқиғасы тіркелген

Балабақшада бүлдіршіндерді ұрып-соғу қашан тоқтайды – Оқу-ағарту министрлігі жауап берді
Фото: Azattyq Rýhy

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің өзекті мәселелері қаралды. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары және басқа да жауапты тұлғалар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Жұлдыз Сүйлеменова мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтардың балаларға қатыгездік көрсету жағдайларын ерекше атап, оқу-ағарту вице-министріне мәселе бойынша сұрақтар қойды. Ол 2022 жылдан бастап балабақшадағы білім беру және тәрбиелеу процесі жаңа стандартқа көшкенін атады. Бұрынғыдай академиялық тәсілдер емес, балалардың табиғи даму қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және түрлі ойынды пайдалана отырып оқыту жүйесі енгізілді. Мұнда балалардың психологиялық және эмоционалды дамуы басты назарға алынуы керек еді. Депутат содан бері 3 жыл өтсе де, балаларға қауіпсіз орта құрылмай отырғанын сынады.

«Бізде баланы ұру әлі жалғасып келеді. Балабақшадағы тәрбиешілердің құқыққа қарсы мінез-құлқының өзгеретін түрі жоқ. Бұл неге байланысты? Біз қай жерден қателік жіберіп отырмыз? Педагогтарды таңдауда ма, оқытуда ма, әлде педагогтардың жалақысында мәселе бар ма? Жақында бір видео көрдім. Тәрбиешінің балаға қатігездік көрсеткенін басқа қызметкерлер көре тұра, былқ етпеген. Ай сайын осындай әрекетті әлеуметтік желілерден байқаймыз», - деді ол.

Оған жауап берген оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова тәрбиешілерге кәсіби педагогикалық даярлықтың жетіспеушілігін алға тартты.

«Өкінішке қарай, қазіргі уақытта педагогтардың этика нормаларын бұзу мәселесі жиі кездесіп жүр. Менің ойымша, педагог мамандығын таңдаған әрбір адам, әсіресе балабақшада жұмыс істейтіндер балаларға шынайы сүйіспеншілікпен қарауы керек. Педагогтарға методикалық және психологиялық көмек көрсету маңызды. Әрбір жағдайдың себептерін жан-жақты зерттеп, педагогтардың психологиялық жағдайын да анықтау қажет. Бұл мәселені шешу үшін кешенді зерттеулер жүргізіп, нақты шаралар қолдану керек», - деді ол.

Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамованың айтуынша, биыл республика бойынша тәрбиешілер тарапынан жасалған 38 қатыгездік оқиғасы тіркелген. Балаларды ұрып-соғу әрекеттерін көбіне тәрбиешілердің көмекшілері істеген, себебі бұл мамандар кәсіби дайындықтан өтпеген. Министрлік бұл бағытта арнайы курстар ұйымдастыру және тәрбиешілерді оқыту бойынша шараларды күшейтуді көздеп отыр.

Сондай-ақ отырыста балабақша жетіспеушілігі мәселесі көтерілді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде қазіргі таңда 11 800 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Сонымен қатар мектептердегі мектепалды даярлық топтарында 165 мыңнан астам бала білім алады.

Балабақшалармен қамту көрсеткіші қазір 92,2%-ға жеткен. Ал 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын пайдалануға беру және жаңа орындар ашу бойынша 2023-2026 жылдарға арналған жоспарларды бекіткен. Алайда кейбір өңірлерде қиындықтар туындап отыр. Мысалы, 2024 жылы Алматы облысында жоспарланған көрсеткіш орындалмады. Министрлік жергілікті басқармалармен бірлесе отырып, 2025 жылғы жоспарды орындауға күш салады.

Соңғы бес жылда балабақша кезегіндегі балалар саны 5 есе азайған. 15 қала мен 6 ауданда ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген. Бұл жүйеге 3075 мектепке дейінгі ұйым қатысып, 214 мыңға жуық балаға ваучер берілді.

Ваучерлік қаржыландыру кезектілікті азайтып қана қоймай, бюджет шығындарын үнемдеуге де ықпал етті. Жалпы, бұл әдіс арқылы 26,3 миллиард теңге көлемінде қаражат үнемделді.

«AMANAT» партиясы жанындағы кеңесте көтерілген мәселелер Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Жаңа балабақшалар ашу, педагогтарды даярлау сапасын арттыру және ваучерлік қаржыландыру әдісін кеңейту арқылы балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамтуға мүмкіндік бар. Бұл шаралар мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырып, болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білімін жақсартуға ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары