«Жауапкершілік өздеріңізде»: СІМ Таяу Шығыс елдеріне демалуға баратын қазақстандықтарға ескерту жасады
Иран мен Израильден 300-ге жуық қазақстандық эвакуацияланды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа байланысты отандастарымызға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, дипломаттар өткен аптада Қазақстан азаматтарын Таяу Шығыстан эвакуациялау бойынша біраз жұмыс атқарған.
«Қазіргі таңда біз Ираннан 230 адам және Израильден 66 адамды эвакуацияладық. Ол процесс өте қиын болды, оңай емес. Біздің дипломаттар соққының астында қалған елдерден азаматтарды автобуспен, мысалы Израильден алдымен Мысырға жеткізіп, Мысырдан бері қарай ұшақпен алып келдік. Ал Ирандағы азаматтарымыз елден екі-үш бағытпен шықты: Әзербайжан, Түрікменстан және Армения арқылы. Осының бәрін біздің елшіліктер екі-үш күннің ішінде бүкіл операцияны өткізіп, сондай нәтижеге қол жеткіздік», - дейді ол Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Иран мен Израильдегі азаматтар елшілікке хабарласуы тиіс
Смадияровтың айтуынша, Иран мен Израильде қазақстандықтар әлі бар.
«Басында хабарласпаған азаматтарымыз енді хабарласып жатыр. Өкінішке қарай, қазір ұшақ жібере алмаймыз, бірақ басқа жолдармен шығаруға көмектесіп жатырмыз. Сондықтан Иран мен Израильде бізді естіп жатқан азаматтарымыз болса, тезірек елшілікпен хабарласып, жағдайы туралы, сол елде қаламын немесе шығуға көмектесіңдер деп ақпарат берсін», - дейді СІМ ресми өкілі.
Жағдай ушығып кетсе, көмектесу қиындайды
Айбек Смадияров Таяу Шығыс елдеріне турист ретінде қыдырып баратын қазақстандықтарға үндеу жасады.
«Таяу Шығыс елдеріне туристік мақсатпен бара жатқан азаматтарға айтатынымыз бір: осы күннен бастап ойланыңыздар, ол жаққа бару қажет пе, қажет емес пе. Өйткені ертең жағдай қиын болып кетсе, сіздерге көмектесу үшін біраз қиыншылық туындайды. Сондықтан ол жаққа шығу үшін біраз ойлану керек. Жауапкершілік өздеріңізде», - деп ескертті Смадияров.