$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.06.2025, 15:10
Қоғам

«Халық арзанын іздейді»: Қазақстанда көлік контрабандасы неге тоқтамай тұр

Көлеңкелі жолмен әкелінген көліктерден бюджет 71,2 млрд теңге жоғалтуы мүмкін

«Халық арзанын іздейді»: Қазақстанда көлік контрабандасы неге тоқтамай тұр
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында ел аумағына контрабандалық жолмен әкелінетін автокөліктер проблемасы талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Республикалық кеңестің ақпаратынша, кейбір азаматтар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстанға көліктерді «жеке пайдалану мақсатында» деп жеңілдетілген декларациямен алып келіп, салық пен кедендік төлемдерден жалтарады. Мұндай қитұрқы әрекеттердің кесірінен мемлекет 71,2 млрд теңгеге дейін қаржы жоғалтуы ықтимал.

«Осы екі-үш жыл ішінде мемлекеттік органдар шетелден Қазақстанға заңсыз кірген автокөліктерге тосқауыл қою үшін нақты шешімдер қабылдай алмай отыр. Қоғам белсенділерінің өздері елге көлік контрабандасының тоқтамағанын айтады. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, ең негізгісі Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе.  Біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсерін тигізіп жатқан әртүрлі қадамдарға тосқауыл қоюымыз керек»,- дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров.

«Сұр» схема

Кеңес отырысында сөз сөйлеген қоғам белсендісі Еркебұлан Құлбасовтың айтуынша, елімізге көлік контрабандасы ЕАЭО елдерімен шектесетін өңірлерден келеді.

«Мысалы, Жапониядан келетін рөлі оң жақтағы автокөліктер бар. Олар біздің техникалық регламентке сай келмейді, 2007 жылдан бері басқаруға тыйым салынған және оның еуро стандарттары да келмейді. Оны Жапониядан Ресейдің Владивосток қаласына қосалқы бөлшек ретінде әкеледі де, сол жақтан кеден бажын төлеп, Қазақстанға ешқандай шектеусіз, кедергісіз кіріп, біздің саналы азаматтарға сатып кетіп жатыр. Осы тұста әлгі автокөліктерді қалай басқарады деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол жерде ЕАЭО елдерінің –  Армения, Беларусь, Ресей немесе Қырғызстанның нөмірлерін тағып, жалған сақтандыру полистерін беріп, азаматтарды алдап сатып кетіп жатқан жайы бар. Ал бұл қылмыскерлерді табудың өзі өте қиын, өйткені ол көліктер ресми салондарда емес, базарда, тағы басқа жерлерде сатылады», - дейді ол.

Белсендінің айтуынша, елдегі контрабанданың тағы бір түрі – үшінші елдердің азаматтары басқаратын көліктер.

«Мысалы, Грузия азаматы Атырау облысындағы «Құрманғазы» шекара бекетінен кіреді де, Атырау азаматына автокөлігін сатып, өзі Ақтау әуежайынан қайтадан Грузияға ұшып кетеді. Әлші машина біздің елде қалады.  Ақтаудың шекарашылары немесе кеден қызметкерлері әлгі азаматтың немен кіріп, немен шыққанын көре алмайды. Себебі облыстар арасында бір-бірімен байланыс, бірыңғай база жоқ. Елге автокөлікпен кірген шетелдік сол көлігімен қайта шығуы керек еді ғой. Не болмаса автокөлігін біреуге қалдырып кетуі керек. Мысалы, мен Еркебұлан Құлбасов Грузия азаматынан көлікті алып қалдым, мен оны сатпаймын және жүргізбеймін деп қолхат жазып беруім керек. Сол кезде егер әлгі көлікті біреу басқарып жүрсе, полиция қызметкерлері оны тоқтатқанда кімнің атына бекітілгенін бірден білер еді»,- дейді Құлбасов.

Арзан көлік, утиль алымы

Көлік контрабандасы мәселесі көтерілген жиынға еліміздің батыс өңірлерінің белсенді тұрғындары да келген. Мәселен, Атырау облысының тұрғыны Айсұлтан Кәдіровтің айтуынша, қазақстандықтар көбіне арзан көлік іздейді.

«Біздің халық, негізінен 5-6 миллион теңгеге дейінгі көлікті іздейді. Ал контрабандамен келетін оң жақ рөлді автокөліктердің бағалары сол 5-6 миллионның айналасында. Яғни оларға сұраныс бар. Өкінішке қарай, біздегі отандық көліктерге әркімнің бірдей шамасы жете бермейді», - дейді Кәдіров.

Ал Маңғыстау облысының тұрғыны Мейрамбек Нұрсейітовтің айтуынша, көлік контрабандасына себеп болып отырған проблемалардың бірі – бастапқы тіркеу жарнасы мен утиль алымының жоғары болуы.

Тәртіпті шекарадан бастау керек

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да елге заңсыз жолмен кіретін автокөліктер саны азаймай тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, проблеманың бәрі кеден қызметінен құқық қорғау функциясын алып тастағаннан басталған.

«Қателеспесем 2014 жылы болуы керек, біз кеден қызметінен құқық қорғау функциясын алып тастадық. Міне содан кейін проблема басталды. Мен депутат ретінде Үкіметке кеден қызметін қалпына келтірейік деп үш рет сауал жолдадым. Неге? Өйткені біз ел ішіне автокөліктер заңсыз жолмен кіріп кеткеннен кейін емес, шекарада, елге кіретін тұста тәртіп орнатуымыз керек. Біз кеден қызметіне құқық қорғау функциясын қайтаруымыз керек», - деп санайды Абзал Құспан.

Осы орайда депутат бұл мәселені Бас прокуратура деңгейінде көтеруді ұсынды.

Автокөліктер сынақ зертханасына кірмейді

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымовтың айтуынша, қазір республикада 71 сынақ зертханасы бар. Олардың басым бөлігі Алматы облысы, Алматы қаласы және Маңғыстау облысында орналасқан. Осы зертханаларда жүйелі заңбұзушылықтар тіркеліп жатады. Мәселен, шет елден келе жатқан автокөлік Қазақстанға кірмей тұрып «Көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы» куәлікті алып алады.

«Техникалық регламенттің 70-тармағына сәйкес, сынақ жұмыстары міндетті түрде өтуі керек. Яғни автокөлік сынақ зертханасына өзі кіруі керек. Бірақ олар кірмейді. Мысалы, Ақтау қаласына кірген автокөлік дәл сол сағатта Ақтөбедегі орталықтан «Көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы» куәлікті алған. Осындай фактілер бар. Бір автокөлік  Ақтауда және Ақтөбеде қалай бір мезетте тұра алады? Яғни заң өрескел бұзылған деген сөз», - деп түсіндірді ол.

Қасымовтың айтуынша, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, арыз-шағым түспесе, сынақ зертханаларын аяқ асты тексеру мүмкін емес. Осыған байланысты сауда министрлігі жоспарсыз, кенеттен тексеріс жүргізу туралы заңнамалық түзетулер әзірлеп жатыр. Себебі техникалық регламентке сай емес автокөліктер адам өміріне қауіп төндіреді.

Отырыс соңында республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров жиын барысында айтылған барлық ұсыныстың негізінде кешенді құжат дайындауды тапсырды. Осы мәселе болашақта Мәжіліс қабырғасында да көтеріледі.

Серіктес жаңалықтары