$ 540.78  618.65  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2025, 10:05
Қоғам

«Әлдеқайда көп адам қамтылады»: Абзал Құспан биылғы рақымшылықтың ерекшелігін айтты

Бұл осымен елімізде жарияланатын оныншы рақымшылық екен

«Әлдеқайда көп адам қамтылады»: Абзал Құспан биылғы рақымшылықтың ерекшелігін айтты
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан биыл Конституцияның отыз жылдығына байланысты жасалатын рақымшылыққа 15 мың сотталған адам ілігетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, биылғы амнистия реттілік санымен тәуелсіз Қазақстанда жасалғалы отырған оныншы рақымшылық екен.

«Бірақ мұның ішіне 2022 жылы қаңтар оқиғасына байланысты жарияланған рақымшылық кірмейді. Өйткені бұл  мемлекет тарапынан нақты бір оқиғаға байланысты жасалған рақымшылық актісі. Соңғы бірнеше жылмен салыстырып қарасақ, бұл жолғы рақымшылық акциясының ерекшелігі сол –  әлдеқайда көп адам рақымшылыққа іліккелі отыр. Қазір 40 мыңнан астам сотталған адам бас бостандығынан айыру орындарында отырған болса, әрбір үшінші, тіпті одан да көп адамға осы рақымшылық актісі қолданылады», - дейді Абзал Құспан Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәселен, 2006 жылы Тәуелсіздік күніне байланысты жарияланған рақымшылық 5 579 адамға қолланылған. Ал 2012 жылы Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай қабылданған рақымшылық заңы аясында 3702 адам босап шыққан. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 5010 адамға рақымшылық жасалған. 2021 жылы Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай 2 470 адамға қолданылған.

«Ал қазір 15 мың үстіндегі адамға қолданылғалы отыр. Сондықтан бұл жолғы рақымшылық заңының ерекшелігі –  сан жағынан бұған дейін жарияланған рақымшылықтарға қарағанда әлдеқайда көп адам санын қамтып отыр», - дейді депутат.

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарап жатыр.

Серіктес жаңалықтары