Қазақстандағы ұшқыш айына 2,3 млн теңге жалақы сұрап, жұмыс таба алмай жүр
IT мамандар айына 1,2 млн теңге айлық керек десе, участок басшылары 1,1 млн теңге айлық сұраған

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы мамыр айының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұмыс іздегендердің саны бос жұмыс орындарынан асып түскен
Дереккөзге сүйенсек, мамыр айында еңбек биржасында 86 мың бос жұмыс орны мен 110 мың түйіндеме таралған. Бос жұмыс орындары әдеттегідей білім беру, қызмет көрсету саласы мен құрылыста көп болған. Жұмысқа адам іздеген мекемелердің басым бөлігі Астана қаласы, Түркістан және Павлодар облыстарында тіркелген.
«Жұмыс іздеген адамдардың көбі 34 жасқа дейінгі жастар. Олардан кейін орта жастағы үміткерлер (37%). Жұмыс іздегендердің 52,8% әйелдер болса, 47,2% ерлер болған», - деп жазады дереккөз.
Сұранысқа ие үш мамандық пен ең көп жалақы
Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мамыр айында сұранысқа ие мамандықтардың ішінде тәртіп сақшылары (1,8 мың бос орын), медбикелер (1,7 мың) мен жүргізушілер (1,5 мың) көп керек болған.
«Жұмыс берушілер ең көп жалақыны тау-кен өнеркәсібіндегі басшының орынбасары (орта есеппен 788 мың теңгеден), бас құрылысшы (662 мыңнан) және бұрғылаушы-инженер (605 мыңнан) лауазымдарына ұсынған», - деп жазады министрліктің ресми сайты.
Ал, өз резюмесін таратқандар арасында ұшқыш өзіне 2,3 млн теңге, IT-маман 1,2 млн теңге және өндіріс учаскесінің басшысы 1,1 млн теңге айлық сұраған.