Кальянға құмарлықтың құны: денсаулыққа зияны мен айыппұл көлемі қандай
Биыл 11 мыңнан астам азамат кальян үшін жазаланған

Қазақстанда кальян шегуге қатысты заңнамалық шектеулер бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Алайда бұл шектеулердің орындалуы мен тиімділігіне қатысты қоғамда алаңдаушылық бар. Денсаулыққа темекіден де көп зиян келтіретін улы түтінге жұрт неге сонша әуес? Azattyq Rýhy тілшісі құзырлы органдар мен мамандардың пікірі, халықаралық тәжірибені топшылап көрді.
Елімізде 2020 жылы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 110-бабының 5-тармағына сәйкес, қоғамдық орындарда, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындарында кальян шегуге тыйым салынған. Бұл тыйымға қарамастан, кальян шегу кейбір мекемелерде әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарда кальян шегу - құқық бұзушылық. Мысалы, 2024 жылы Астанада кальян шеккені үшін бір азаматшаға 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынған.
Дегенмен, бұл айыппұлдардың мөлшері кейбір сарапшылардың пікірінше, жеткіліксіз және тыйымның тиімді орындалуына кедергі келтіруі мүмкін. Оған көз жеткізу үшін Ішкі істер министрлігі осы бағытта қандай жұмыс істеп жатқанын білу үшін ресми сауал жолдаған едік.
Бір сағаттық түтін – бір айлық айыппұл
Олардың айтуынша, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, тыйым салынған жерлерде темекі өнімдерін, оның ішінде кальяндарды тұтынғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Алайда ішкі істер министрлігі кальян шегу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтарға қатысты арнайы статистика жүргізбейді екен.
«Аталған кодексте қоғамдық тамақтану орындарында кальян тұтынуға тыйым салу ғана белгіленген, алайда сатылуы шектелмейді. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі кальяндарды сатуды шектеу бойынша тиісті түзетулер әзірлеп жатыр. Ішкі істер органдары құзыреті шегінде мейрамханаларда, барларда және кафелерде кальян қолдануға тыйым салуды бұзудың жолын кесу бойынша шаралар қабылдайды», - деп хабарлайды министрлік.
Тұрғындардың арыздары мен БАҚ-тағы материалдар негізінде кальян шегуге қатысты құқық бұзу анықталған.
Олар 15 АЕК немесе 59 мың теңге айыппұл төлеген. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда – 20 АЕК немесе 78 мың теңге айыппұл салынады екен.
«Өткен жылы ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 26 805 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, жыл басынан бастап аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін 11 924 азаматқа әкімшілік шара қолданылды», - дейді олар.
Кальян темекіге қарағанда зиянсыз деген пікір – қате түсінік
Кальянға құмар тұтынушылар әдетте оның кері әсерін бағамдай алмайды. Алайда дәрігер мамандар қорқордың темекіден де зиян екенін айтады.
Дәрігер-терапевт Аягөз Тұрсынбайдың айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында «кальян темекіден қауіпсіз» деген жаңсақ пікір кең таралған. Алайда бұл пікір ғылыми дәлелдермен жоққа шығарылған.
«Жастар кальян түтіні судан өтетіндіктен, зиянды заттар сүзіліп қалады деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, бұл сүзу процесі түтіндегі шайырлар мен токсиндердің тек аз ғана бөлігін ұстап қалады, ал қалған зиянды заттар адам ағзасына толық жетеді», - дейді маман.
Кальян шегу кезінде адам тынысына:
- Көміртегі тотығы (CO) – бұл зат оттегінің ағзаға таралуын шектейді, улануға әкелуі мүмкін;
- Шайырлар мен ауыр металдар – канцерогенді (яғни, обыр тудыруы мүмкін) заттар;
- Никотин – аз мөлшерінің өзі адамда физиологиялық және психологиялық тәуелділік қалыптастырады;
- Формальдегид, бензол, мышьяк секілді уытты қосылыстар енеді.
Зерттеулер көрсеткендей, кальян түтінін бір сағат шеккен адам темекі тартушыға қарағанда 20 есе көп түтін жұтады.
Кальян шегудің денсаулыққа келтіретін зияны кең ауқымды және көп жағдайда қайтымсыз болады. Дәрігер Аягөз Тұрсынбай атап өткендей:
1. Тыныс алу жүйесіне зиян
- Созылмалы обструктивті өкпе ауруы (СОӨА) дамиды;
- Жөтел, демігу, кеуде тұсының ауырсынуы;
- Өкпе тінінің зақымдануы мен туберкулезге шалдығу қаупі жоғары.
2. Жүрек-қан тамырлары жүйесі
- Қан қысымының тұрақсыздығы;
- Жүрек ритмінің бұзылуы;
- Инфаркт пен инсульт қаупінің артуы.
3. Ауыз және асқазан-ішек жүйесі
- Қуық, өңеш, тіл және ұрт обыры;
- Асқазан сөлінің бұзылуы, гастрит, ойық жара.
4. Жұқпалы аурулар
Кальянды бірнеше адам кезектесіп тартқанда:
- Туберкулез;
- Вирустық гепатит;
- Герпес;
- Ауыз қуысының инфекциялары таралу қаупі артады.
Кальян көбіне сән ретінде қабылданып, зияны еленбейді дейді маман.
«Жастар арасында кальян «босаңсытатын, зияны аз» құрал ретінде ұсынылады. Бұл дұрыс емес түсінік олардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Шын мәнінде, кальян – баяу, бірақ қауіпті у», - дейді Тұрсынбай.
Аягөз Тұрсынбайдың айтуынша, кальян түтініндегі зиянды заттар темекіден де көп болуы мүмкін.
«Ол тыныс алу жүйесін ғана емес, бүкіл ағзаны зақымдайды. Сол себепті кальяннан толық бас тартқан жөн. Бұл - денсаулықты сақтаудың басты шарты», - деп түйіндеді ол.
Кальянға қарсы қадамдар: Қай елдер қоғамдық орындарда шектеу енгізді?
Кальянның осы зияндарын ескеріп, халқының денсаулығы үшін дабыл қаққан Қазақстаннан өзге елдер де қоғамдық орында улы түтінді пайдалануға шектеулер енгізген. Бірқатар ел заңнамалық деңгейде тыйым салу шараларын қолға алған.
Мали
2022 жылы Мали үкіметі кальянды (шиша) ел аумағында импорттауға, сатуға және пайдалануға толық тыйым салды. Бұл шешім қоғамдық денсаулықты сақтау мақсатында қабылданды. Тыйымға бағынбағандарға 1-10 күндік түрме жазасы немесе 300-10 000 CFA франк көлемінде айыппұл қарастырылған.
Үндістан
Үндістанның бірнеше штаты мен қалаcында кальян-барларға тыйым салынған. Мысалы, Карнатака штаты 2025 жылы кальян-барларды толығымен жабу туралы заң қабылдады. Сондай-ақ, Махараштра, Раджастхан, Пенджаб және Харьяна штаттарында да кальян шегуге шектеулер қойылған.
Түркия
Түркияда 2009 жылдан бастап қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған. 2009 жылы бұл тыйым кальян шегуге де кеңейтілді. 2023 жылы Ыстанбұл қаласы жағажайлар, ормандар және саябақтар сияқты қоғамдық орындарда кальян шегуге уақытша тыйым салды.
Қатар
Қатарда 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты мейрамханалар мен кафелерде кальян шегуге тыйым салынды. Бұл шешім қоғамдық денсаулықты сақтау мақсатында қабылданды.
Сирия
Сирия 2010 жылы қоғамдық орындарда, соның ішінде мейрамханалар мен кафелерде кальян шегуге тыйым салды. Бұл тыйым білім беру мекемелері, денсаулық сақтау орталықтары және қоғамдық көлікке де қатысты.
Иордания
Иордания 2014 жылы қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салды. Бұл шешім қоғамда үлкен дау тудырды, бірақ үкімет қоғамдық денсаулықты сақтау мақсатында тыйымды енгізді.
Қырғызстан
2024 жылы Қырғызстан президенті қоғамдық орындарда темекі, кальян және электронды темекі шегуге тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл заң қоғамдық денсаулықты қорғау мақсатында қабылданды.
Эфиопия
Эфиопия 2019 жылы жабық жұмыс орындарында және қоғамдық көліктерде темекі, кальян шегуге тыйым салды. Бұл заң электронды темекі өндірісі мен сатылымына да тыйым салады.
Швеция
Швеция 2005 жылы барлар мен мейрамханаларда темекі шегуге тыйым салды. 2019 жылы бұл тыйым сыртқы орындарға, оның ішінде ашық аспан астындағы мейрамхана орындарына, балалар алаңдарына және автобус аялдамаларына кеңейтілді.